Паркинсон ауруы: қол дірілінен де ауыр дерт

Қимыл-қозғалыстың баяулауы, қадамның қысқаруы, сөйлеудің бәсеңдеуі мен мимиканың азаюы – бұлар тек қартайған шақтағы табиғи өзгерістер емес, Паркинсон ауруының алғашқы белгілері болуы мүмкін. Жүйке жүйесінің созылмалы дертінің таралуы жыл сайын артып келеді. Әлем бойынша әрбір 100 мың адамның 120-150-і осы сырқатқа шалдығады. Қазақстанда да науқастар саны соңғы он жылда айтарлықтай көбейген.

ҚР ПІБ ауруханасының невролог-паркинсонолог дәрігері Давлат Марипов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында бұл дерттің себептері, алғашқы белгілері мен заманауи емдеу тәсілдері туралы айтып берді.

- Паркинсон ауруы дегеніміз не? Оның алғашқы белгілері қандай?

- Паркинсон ауруы – бұл жүйке жүйесінің баяу дамитын, созылмалы дерті. Оның себебі – мидағы арнайы жасушалардың зақымдануы, соның салдарынан қозғалысты, көңіл-күйді басқаратын допамин деген зат азаяды. Көпшілік қолдың дірілін елестетеді, бірақ бұл ауру тек діріл ғана емес. Паркинсон ауруы кезінде: - қимыл баяулап, адамға кунделікті іс-әрекетті жасау қиындайды; қол-аяқтағы сіресу (қатайып қалу ) болады; жүрісі өзгеріп, қадамдары қысқарады; дауыс бәсеңдеп, мимика азаяды.

Яғни бұл – тек қана қолдың дірілдеуі ғана емес, одан басқа адамның қозғалысын, тепе-теңдігін, кейде көңіл күйін де өзгертетін жүйке жүйесінің ауруы.

- Аурудың негізгі себептері қандай? Генетика рөлі қаншалықты маңызды?

- Паркинсон ауруы көбіне өмір салтының дұрыс еместігімен және қоршаған ортаның әсерімен байланысты. Генетика рөл атқарғанымен, ол сирек кездеседі – тек шамамен 10-15 пайыз жағдайда ғана тұқым қуалау арқылы беріліуі керек.Аурудың негізге себебі – тұқым қуалаушылықтан гөрі өмір салты мен сыртқы орта факторлары.

- Қазақстанда паркинсонмен ауыратын науқастар саны жыл сайын өсіп жатыр ма? Статистика не дейді?

- Паркинсон ауруымен ауыратын науқастар санының тұрақты өсуін ескере отырып, жиілігіде асып келеді. 2014-2021 жылдар аралығында Ұлттық электрондық денсаулық сақтау жүйесі деректері бойынша тіркелген науқастар саны 10 125 адам болған және осы уақытта аурудың таралуы он есе өскені анықталған. 2020 жылы Ковид19 пандемиясынан кейін ауруға шалдыққан науқастар саны күрт көбейді, аурудың келіп шығу немесе аурудың басталуындағы триггер болуы да мүмкін. Деректер бойынша оңтүстік өңірлерде науқастар саны жыл сайын шамамен 15-20 % - ға көбейіп келе жатыр. Жалпы аурудың эпидемиологиясына келсек, әлемдік статистика бойынша 100 000 мың халыққа 120-150 адам Паркинсон ауруына шалдығады.

- Бұл дерт көбіне қандай жаста жиі кездеседі? Жастарда да пайда болуы мүмкін бе?

- Паркинсон ауруы көбінесе 60 жастан асқан адамдарда басталады. Сол үшін көпшілік оны тек қартайғанда пайда болатын ауру деп ойлайды. Кейде дерт ерте жаста, яғни 40 жасқа дейін де кездесуі мүмкін, мұндай жағдай сирек, бірақ көбіне генетикалық бейімділікке немесе басқа да ерекше факторларға байланысты болады.

- Дәрілік емдеу қаншалықты тиімді?

- Дәрілік терапия аурудың өз ағымын толық тоқтатпайды. Ол тек өмір сапасын жақсартып, симптомдарды жеңілдетеді. Паркинсон ауруы кезінде қолданылатын дәрі – ең негізгісі Леводопа, бірнеше жылдардан кейін дәрінің тиімділігі төмендейді, науқаста "қосылу-өшірілу" құбылысы пайда болады: дәрі ішкенде өзін жеңіл сезініп, қимыл- қозғалысы пайда болып, дәрінің күші кеткеннен кейін қайта нашарлайды. Ұзақ қолданғанда жанама әсерлері пайда болады, ең жиі кездесетіні дискинезия (қимыл-қозғалыстың еріксіз кимылдауы). Нейрохирургиялық әдістерге қашан жүгінеміз? Дәрілер тиімділігін жоғалтқанда немесе "қосылу-өшірілу" құбылысы жиілегенде, дискинезия дәріден көп мазалағанда, симптомдар өмір сапасын айтарлықай төмендеткенде, науқас жас мөлшері мен жалпы жағдайы бойынша операцияға жарамды болғанда. Ең кең тараған нейрохирургиялық әдіс – мидың терең стимуляциясы (DBS-deep brain stimulation), бұл жоғары технологиялық операция біздің ауруханада жасалынады.

- Соңғы жылдары медицинада ЖИ (жасанды интеллект) пен робототехника қолданыла бастады. Бұл әдістер Паркинсонды емдеуде қандай жаңалық әкелді?

- Жақында мен Финляндия астанасы Хельсинки қаласында оқуда болып келдім, ол жерде паркинсон ауруының нейрохирургиялық еміндегі соңғы жаңалықтарымен танысып келдім, басты жаңалық болып саналатын Адаптивті терең ми стимуляциясы, оның басты ерекшелігі, құрылғы ми ырғағын "тыңдап", стимуляция күшін автоматты реттейді. Қазір интернеттің дамуымен жасанды интелектте қатар жылдам түрде дамып келе жатыр. Соңғы 2 жылдың ішінде елімізде Робот-көмекшімен нейронавигациялық жүйемен операция жасалып жатыр. ЖИ мен робот техникасы Паркинсон емін дәлірек, қауіпсіз әрі жекелендірілген етеді. Елімізде DBS тұрақты түрде жасалады

- Науқастарға дәрі-дәрмектен бөлек қандай қолдау маңызды? Физикалық жаттығу, психологиялық көмек қаншалықты әсер етеді?

- Алғашқы кезеңдерде бұл дертке шалдыққандар физикалық көмектен гөрі моральдық қолдауға мұқтаж. Уақыт өте келе адамның өздігінен қозғала алуы куніне бірнеше сағатқа дейін азаяды, бірақ үнемі күтім жасаудың қажеті жоқ. Сырқаттанған адамға өзінің еркіндігін сақтауға мүмкіндік беріңіз, қолдау мен көмегіңізді ұсынуға болады, бірақ оның орнына бәрін жасамаңыз. Паркинсон дертінің белгілері әдетте күйзеліс немесе тым уаймдағанда асқынып кетеді. Ондай сәттерде науқасты асықтыруға болмайды, оған бастағанын аяқтауға мүмкіндік берген абзал.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: коллаж BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы