Париждегі олимпиададан екі алтын иеленгім келеді – Азиада чемпионы

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия пара ойындарының чемпионы Нұрдәулет Жұмағали болашақта Париждегі олимпиададан екі алтын иеленгісі келетінін атап өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Нұрдәулет ерлер арасында 100 метрге брасс стилімен жүзіп өту жарысында 1:05.92 нәтижемен мәре сызығын бірінші болып қиды.

Ең жоғарғы белес – Олимпиада. Жүзуден алғашқы қазақ чемпионы атанғым келеді. Тек бір алтынмен шектелмей, Парижде жүзу сайысында бірнеше медаль алуға болады. Бұйырса, екі алтын иеленгім келеді, – дейді спортшы.

Азия пара ойындарының чемпионы кез келген қиындықты еңсерген сәтте нәтиже болатынын атап өтті. 

Спортшы үшін бастысы – жақындарының қолдауы. Егер қолдау болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Тағы бір маңызды нәрсе – тәртіп, ол бар жерде нәтиже болады. Уақытында ұйықтап, тамақ ішіп, жаттығудан қалмау керек. Спортшыларға айтарым – ешқашан берілмеу керек. Сәтсіздіктер барлық адамда болып тұрады. Жеңіп те, жеңіліп те жатамыз, соның бәріне төзген кезде ғана нәтиже болады. Көбірек еңбектену керек. Бір-бірімізді қолдау керек, – дейді спортшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұрдәулет Жұмағалидің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы