Париждегі Олимпиадада рекорд орнатқым келеді – спортшы
Қытайдағы Ханчжоу қаласында өткен Азия Пара ойындарында ел қоржынында 7-ші алтынды сыйлаған Диас Кенжебектің арманы асқақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қарағандылық спортшы 100 м қашықтықты 1:05:42-де жүзіп өтіп, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты.
Менің спортпен айналысып келе жатқаныма 10 жылдан астам уақыт өтіпті. 9 жасымнан бастап жүзуге бардым, бала кезімнен спортты жақсы көремін. Кәсіпқой спортшы боламын деп ойламаған едім. 19 жасымда Азия пара ойындарының чемпионы атану бақыты бұйырды. 100 м қашықтықты 1:05:42-де жүзіп өттім. Қалайша рекорд орнатқанымды да байқамай қалдым, – дейді Диас Кенжебек.
Спортшы Азия және Азия пара ойындарына 1 жылдан астам уақыт дайындалған.
Жарыс өте қарқынды өтті. Қарсыластарым мықты болды. Дегенмен жеңісті қолдан бермеуге тырыстым. Байрақты бәсекеге 1 жыл уақытымды арнап, жақсылап дайындалдым. Елімнің көк байрағын желбірете алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта Париждегі пара Олимпиадаға жақсылап дайындалып, рекордтық көрсеткішті орнатқым келеді, – дейді Диас Кенжебек.