Парижде Еуропа қазақтарының құрылтайы өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 4-5 маусымда Францияның Париж қаласында Отандастар қорының ұйымдастыруымен Еуропа қазақтарының кездесу-құрылтайы өтеді.
Құрылтай Еуропа құрылығындағы бауырлармен бас қосу, ортақ мәселелер бойынша пікір алмасу, ой бөлісу, келелі кеңес құру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Аталмыш басқосудың аясында келесідей іс-шаралар жоспарлануда:
- Еуропа елдері (Франция, Германия, Швеция, Түркия, Голландия, Норвегия, Ұлыбритания, Австрия) мен қазақстандық командалар арасындағы футбол турнирі;
- Қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі және ұлттық киім тігуден шеберлік сағаттары;
- Дәстүрлі ойындар сайысы;
- Әбдіуақап Қараның Мұстафа Шоқайдың француз тіліндегі таңдаулы мақалалары кітабының тұсаукесері;
- Шетелде тұратын өнер шеберлерінің концерті өтеді.
Сонымен қатар Еуропа елдеріндегі қазақ мәдени бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесу ұйымдастырылады. Кездесу барысында Еуропа қазақтары бірлестігі жаңа басшылығы және алдағы жұмыс жоспарын белгілейді. Кездесуге Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Галиев Жан Сержанұлы, Франциядағы қазақ ұлттық мәдени қоғамы төрағасы Есимхан Назир, Тарих ғылымдарының докторы, Еуропа елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының жетекшілері және «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Абзал Сапарбекұлы мен Еуропа қазақтары мен отандастарымыз қатысады, – делінген мәліметте.