Парижде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған гала-концерт өтті
Іс-шара аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед әл-Ананимен кездесті.
Парижде көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Өнер иесінің мерейтойы Қазақстанның бастамасымен 2026 жылы ЮНЕСКО аясында атап өтілетін мерейтойлар қатарына енгізілген.
Іс-шара аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед әл-Ананимен кездесті. Тараптар мәдени мұраны сақтау, ынтымақтастықты дамыту және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне жаңа нысандар ұсыну мәселелерін талқылады.
Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығына «Жетісудың киелі ағаш сәулет өнері: мәдениетаралық диалог пен орнықтылық мұрасы» сериялық номинациясын алдын ала бағалауға ұсынған. Оған Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды соборы енгізілген.
Кездесуден кейін ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Дәуір дауысы» гала-концерті өтті. Сахнада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры мен симфониялық оркестрі, сондай-ақ скрипкашы Жәмила Серкебаева өнер көрсетті.
Салтанатты кештің ашылуында Арман Қырықбаев көрнекті әншінің шығармашылық мұрасы айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ықпалдастығын одан әрі нығайтуға және ұлттық мәдени мұрамызды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға айрықша мән береді. Ұлы әншінің мерейтойын ЮНЕСКО төрінде атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Ермек Серкебаев әлемнің елуге жуық елінде өнер көрсетті. Оның дауысы Франция сахналарында да естілді. Сондықтан бүгінгі кешті ұлы әнші мен Париж көрермені арасындағы шығармашылық үндестіктің жалғасы деп білемін», – деді министр.
Концертте қазақ және әлемдік опера классикасының таңдаулы туындылары, оның ішінде Ермек Серкебаевтың репертуарындағы шығармалар орындалды.