Париж төрінде Наурыз сән-салтанатымен атап өтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурызды мерекелеу қарсаңында Қазақстанның Франциядағы елшілігінің аумағында көктемнің үш айының нышаны ретінде үш алма ағашын отырғызу рәсімі өтті.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл мерекені кеңінен атап өтіп, ғасырлар бойы бейбітшілік, өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың әмбебап құндылықтарын болашаққа жеткізетін ортақ дәстүрлерді бөлісетін ЮНЕСКО жанындағы 11 елдің Тұрақты өкілдіктері бірауыздан қолдаған іс-шара қазақстандық тараптың бастамасымен ұйымдастырылды.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Франциядағы Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев еліміздің халықаралық аренасындағы үлкен шиеленіс кезеңінде осындай символикалық ишаратпен олардың бейбітшілік пен келісімде бірге өмір сүруге ұмтылысын көрсеткенін атап өтті. «Ағаш тамырлар арқылы бірігу мен шоғырланумен, сондай-ақ әртүрлілікпен және бұтақтар арқылы жылу мен жарыққа ұмтылумен байланысты», - деді ол.

Өз кезегінде, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Николас Джеффрис Қазақстанның бастамасын жылы шыраймен қарсы алып, халықтар арасындағы бейбітшілікті бейнелейтін және Ұйымның мақсаттарымен ұштасатын бұл іс-шараның ЮНЕСКО үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл іс-шара маңызды экологиялық түрткіге ие.

Наурызды тойлау көптеген салт-жоралар, рәсімдер мен мәдени іс-шаралар үшін тамаша себеп болып табылады. Ата-бабаларымыз ерекше құрметтейтін осындай рәсімдердің бірі ағаш отырғызу болды және солай болып қала береді.

Бастаманы қолдаған француздық Dalival тәлімбағы бұл үш жас көшетті бергенін атап өту жөн. Бұдан былай олардың тамырлары еліміздің Париждегі Елшілігінің аумағында және бұрын Алматыдан әкелінген алма ағашының маңайында «қазақстандық жеріне» жайғаны символдық мәні бар. 

Сол күні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде бірлескен дәстүрлі салтанатты қабылдау өтті. Оған Ұйым басшылығы және оның жанында тіркелген мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, Францияда тұратын және Наурыз мейрамын тойлайтын халықтар диаспораларының ғылыми және шығармашылық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле құттықтау сөз сөйлеп, баршаны Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, бұл тамаша мереке бүкіл адамзаттың маңызды мәдени игілігі болып табылатынын атап өтті.

Қабылдау аясында Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдары ұсынылды. Концерттік бағдарламаға Қазақстанның Елшілігі жанында қызмет ететін «Қорқыт-Абай» қазақ мәдени орталығының оқытушылары белсенді қатысты. Олардың орындауында Ықылас Дүкенұлы, Тілеп Аспантайұлы, Нұрғиса Тілендиев мен Әбдімомын Желдібаевтың күйлері қобыз бен домбырада шырқалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы