Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға көлік табысталды

Жамбылдақтар Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға құрмет көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

XXXIII жазғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Жамбыл облысының тумасы Нұрбек Оралбай туған жеріне табан тіреді. Былғары қолғап шеберін жерлестері құрметпен қарсы алды.

Салтанатты шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, спортшының айтулы жеңісі үшін жамбылдықтардың атынан алғыс білдірді.

Нұрбек ел сенімін ақтап, барша қазақстандықтардың, жанкүйерлерінің мерейін асырды. Әсіресе, кіндік қаны тамған –Жамбыл облысы жұртшылығының абыройын тағы да бір асқақтата білді. Әулиеата топырағы – ұлт генофонының қуатын айқындаған айрықша өлке. Қазақ елін әлем алдында паш еткен сайыпқырандардың дені Жамбыл облысының топырағынан түлеп шыққан. Жамбыл – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлердің ұстаханасы десек, артық айтпаймын! – деп атап өткен аймақ басшысы спорт саңлағының ата-анасы мен бапкеріне ризашылығын жеткізді.

Ербол Қарашөкеев Олимпиада ойындарының күміс жүлдегеріне демеушілердің есебінен Hyundai Sonata автокөлігінің кілтін табыстады.

Өз кезегінде Нұрбек Оралбай жерлестерінің көрсеткен зор құрметі мен қошеметіне алғыс білдірді.

Салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дамир Буданбеков құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай 2000 жылдың 11 маусымында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында дүниеге келген.

Салтанатты шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы