Парижде «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі» форумы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Түркі академиясы Парижде ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі» форумын өткізеді.  

2019 жылдың 15 мамыр күні ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Халықаралық Түркі Академиясы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігінің қолдауымен «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі (Great Steppe: Cultural Heritage and Role in the World History)» атты халықаралық форум өткізеді

Жиында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын талқылау және Ұлы дала тарихын жаңадан пайымдау жолдары қаралмақ.

Халықаралық жиынға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан,  Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия,  Голландия және Мажарстан сынды елдерден 70-ке жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері қатысады.

Форумға қатысушы ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері «Ұлы дала»: кеңістік пен уақыт көкжиектері», «Түркі өркениеті және оның  әлемдік мәдениетке қосқан үлесі» және «Түркі тарихын қайта бағамдау: жаңа әдістер мен жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын үш сессияда ғылыми талқылаулар өткізіп, пікір алмасады.

«Биылғы жиын түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының 750, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының 950, ақын Имадеддин Насимидің 650 жылдығы секілді айтулы тарихи даталармен тұспа-тұс келіп отыр» - дейді ұйымдастырушылар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы