Париж-2024 Паралимпиада ойындары: Жүзуден финалға 100 пайыз шығамын
Пара спортшы Сиязбек Далиев 2024 жылы Францияның Париж қаласында өтетін XVII жазғы паралимпиада ойындарында финалға шығатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сиязбек Далиев – паражүзуден Азия және Еуропа чемпионы, Әлем кубогының иегері, Токио-2020 Паралимпиада ойындарының қатысушысы. Ол 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзеді.
Нормативтен өтіп, Париж олимпиадасына лицензия алған спортшы жарысқа дайындығы туралы айтты.
Дайындық қарқынды жүріп жатыр. Қазір күрделі жаттығулар өткізіп жатырмыз және оқу-жаттығу жиындарын жоспарлап отырмыз. Жүзуден финалға 100 пайыз шығамын деп үміттенемін. Сол жақта енді жақсы көрсеткіш көрсетуге бар күшімді салуға тырысамын, - деді спортшы.
Сондай-ақ Далиев елімізде паралимпиадалық спорттың дамуына оң баға берді.
Алғашқы паралимпиадашылардың бірімін деп айта аламын. 2009 жылдан бастап жарыстарға Қазақстан атынан қатысып келе жатырмын. Ол кезде паралимпиадалық спортқа үкімет те, қоғам да бұлай назар аударған емес. Штаттағы спортшы, айлық деген болған жоқ. Қазір бізде ұлттық құрамада 200-ге жуық спортшымыз бар, - деді ол.