Париж-2024: Он төртінші жарыс күнінің нәтижесі белгілі болды
Туризм және спорт министрлігі Франция астанасында өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының он төртінші жарыс күнінің нәтижесіне қорытынды жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі бессайыс: Ерлер арасындағы жартылай финалдың А тобында сынға түскен Георгий Борода-Дудочкин 1452 ұпай жинады. Өкінішке қарай, қазақстандық топта үздік 9 атлеттің қатарына кіре алмай, финалға шыққан жоқ.
Байдарка мен каноэде есу: Каноэде 500 метрге жұптасып ескек есуден әйелдер арасында А және В тобының финалында Мария Бровкова мен Руфина Искакова мәреге үшінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:57.58 секунд.
Еркін күрес: Юсуп Батырмұрзаев (125 кг) алғашқы белдесуінде Роберт Бараннан (Польша) жеңіліп қалды. Есеп – 1:4.
Таэквондо: Батырхан Төлеуғали (80 кг) екінші кезеңде 2 дүркін әлем чемпионы Симоне Алессиоға (Италия) есе жіберді – 0-2.
Жеңіл атлетика: Ұлттық құрама спортшысы Дэйзи Джепкемей Париж Олимпиадасында 10 шақырымға жүгірудің финалында 17-орын алды.
Олимпиаданың он төртінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.