Париж – 2024: Олимпиадада қызмет ететін қазақстандық төрешілер кімдер?

Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (әртістік жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, сабля), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).

Олимпиада ойындарында төрелік ету үлкен білікті талап етеді. Одан бөлек, халықаралық федерациялар жазғы ойындарға баратын әділ-қазыларды қатал іріктеуден өткізеді. Әлемдік ұйымның сынағынан сүрінбей өтіп, сайдың тасындай іріктелген мамандар ғана ең мәртебелі жарыс – Олимпиада ойындарында қызмет етеді.

Қазақстандық төреші Тимур Әмірбеков осымен өзінің төртінші Олимпиадасына аттанады. Спорттық гимнастиканың хас шебері бұған дейін 3 Олимпиада ойындары мен 18 әлем чемпионатында төрелік еткен. Ал Әмірбеков қазылық жасаған Азия чемпионаттары мен әлем кубогінің санында есеп жоқ.

Күрес түрлерінен олимпиадалық деңгейдегі екі төрешіміз жазғы ойындарда жұмыс істейді. Олар – Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай.

Ерік Жұмабеков төрт әлем чемпионатында төрелік еткен. Тәжірибелі маман Олимпиадада алғаш рет қазылық жасайды.

Ерік Жұмабеков 2019 жылы Астанада, 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022-2023 жылдары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионаттарында және 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрешілік міндетті абыроймен атқарған.

Қазақстандық төреші Алуа Бектұрова Париж Олимпиадасында көркем гимнастика шеберлеріне баға береді. Бектұрова көркем гимнастикадан Халықаралық санаттағы төреші. Ол жекелей және топтық жаттығудағы спортшылардың өнеріне төрелік етпек.

Алуа бұған дейін Буэнос-Айрестегі (2018) жасөспірімдер Олимпиадасында қазылық жасап, Токио Олимпиадасына резервтегі төреші ретінде шақыртылған. Ол бүгінге дейін әлем чемпионаттары мен әлем кубогі кезеңдерінде жұмыс істеп келді. Ал Олимпиада ойындарында алғаш рет қазылық жасамақшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті
Өзгелердің жаңалығы