Париж-2024: Ел қоржынында 31 жолдама бар
Франция астанасы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы уақыт қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төрт жылдықтың басты спорттық додасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Франция жеріндегі бәсекеге әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Сондай-ақ Париж-2024 олимпиадасында 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлаған. Қазіргі таңда ел қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар. Олар: бокс (ерлер) – 6, нысана көздеу – 5, садақ ату – 4, семсерлесу – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, қазіргі бессайыс – 2, таэквондо – 2, бокс (әйелдер) – 1, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1, батуттағы гимнастика – 1.
Лицензияны алу бойынша Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бастап тұр. Үшеуінің де еншісінде бес жолдамадан бар. Одан кейін ШҚО (4), Астана қаласы (3), Жамбыл (2), СҚО (2), Ақмола (1), Қызылорда (1), Абай (1), Қарағанды (1) және Түркістан облыстары (1) жайғасқан.
Ал қалған өңірлерде Олимпиаданың бірде-бір жолдамасы жоқ. Олимпиада ойындарына дейін әлі 50-ден аса лицензиялық жарыс бар. Оның ішінде спортшыларымыз әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және рейтингтік турнирлерге қатысады.
Айта кетейік, жақында Тбилисиде өткен Әлем кубогының шешуші кезеңінде сапы жаттығуы бойынша Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған еді.