Париж-2024: 29 шілдедегі спортшыларымыздың нәтижесі қандай

29 шілдеде қазақстандық спортшылар Париж Олимпиадасында спорттың бірнеше түрін бақ сынасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нысана көздеу

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеудің финалында Александра Ле 6-орынға тұрақтады. Отандасымыз шиеленіске толы 165.4 ұпай жинады.
Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде Қазақстан құрамасы 11-сатыдан көрінді. Олар іріктеуде 575 ұпай жинап, 11-нәтиже көрсетті.

Семсерлесу

Семсерлесуші Әйгерім Сарыбай Олимпиаданың 1/16 кезеңде жарыс қожайыны франциялық Манон Брюнеден (Токио Олимпиадасының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы) жеңіліп қалды. Есеп – 12-15.

Садақ ату

Садақ атудан командалық сында Қазақстан құрамасы 1/8 айналымда Италияға 4-5 есебімен жол берді. Кездесуде біздің мергендер 0-2 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестірді (2-2). Алайда шешуші сәтте қарсыластар дәлдік танытты.

Академиялық ескек есу

Академиялық ескек есуде Владислав Яковлев Париж Олимпиадасында E/F1 тобының жартылай финалында мәреге бірінші жетті. Ол жарыс жолын 7 минут, 26.20 секундта бағындырды.

Дзюдо

Дзюдошы Данияр Шамшаев (73 кг) алғашқы белдесуінде Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023) Муроджон Юлдошевқа (Өзбекстан) есе жіберді.

Жүзу

Әйелдер арасында 100 метрге шалқалай жүзуде Ксения Игнатова өз тобында мәреге екінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:02.51 секунд. Алайда жалпы есепте 26-орыннан көрініп, жартылай финалға шыға алмады.

Теннис

Теннистен ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Александр Бублик пен Александр Недовесов алғашқы айналымда бразилиялық Тьяго Монтейро мен Тьяго Сейбот Уайлдтен екі сетте 4-6, 4-6 есебімен жеңіліп қалды.

Бадминтон

Бадминтоншы Дмитрий Панарин екінші матчта Брайан Янгтен жеңіліп, топтық кезеңнен шыға алмады. Канадалық спортшы 0-2 (18-21, 10-21) есебімен жеңіске жетті.

Үстел теннисі

Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасының 1/16 айналымында Дан Цюдан жеңісті жұлып алды. Отандасымыз бен германиялық ойыншы арасындағы матч 4-3 есебімен аяқталды.

Бокс

Ұлттық құраманың ең жас спортшысы Мұхамедсабыр Базарбайұлы 1/8 финалда Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Чу Ен Лайдан 3:2 есебімен басым түсті.

Ал Қамшыбек Қоңқабаев испан боксшысы Айюб Гадфа Дриссиден жеңіліп, Париж Олимпиадасының ширек финалына шыға алмады.

Олимпиаданың үшінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы