Пари Сен-Жермен жеңісінен кейін Францияда 416 адам ұсталды
Чемпиондар лигасының финалынан кейін елдің бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздік пен қақтығыстар тіркелді.
Пари Сен-Жерменнің Чемпиондар лигасындағы жеңісінен кейін Францияның бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздік болды. 31 мамырға қараған түні полиция 416 адамды ұстады, олардың басым бөлігі Париж қаласында тіркелген.
DW таратқан мәліметке сәйкес, Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньеснің айтуынша, тек Париждің өзінде 283 адам ұсталған.
Ел бойынша барлығы 416 адам ұсталды, оның 283-і Парижде, – деді ІІМ басшысы.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілгеніне қарамастан, Елисей алаңына шамамен 20 мың жанкүйер жиналған. Финалдық ысқырықтан кейін жанкүйерлердің бір бөлігі пиротехника қолданып, полициямен қақтығысқа барған.
Тәртіп сақшылары топты тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Тәртіпсіздік салдарынан жеті полицей зардап шеккен, олардың бірі ауыр жарақат алған.
Француз БАҚ-тарының мәліметінше, жанкүйерлер арасында да зардап шеккендер бар. Бір қыз Сена өзеніне құлап, ауруханаға жеткізілсе, тағы бір әйел пышақ жарақатын алған.
Жанкүйерлер бірнеше рет Париждің айналма жолын жабуға әрекет жасаған. Осындай оқиғалардың бірі жол апатына ұласып, скутер жүргізушісі мен оның жолаушысы ауыр жарақат алған.
Тәртіпсіздік кезінде өрт қою мен вандализм деректері де тіркелді. Парижде алты көлікке зақым келген. Сонымен қатар «Парк де Пренс» стадионы маңындағы мейрамхана мен наубайхана, Елисей сарайының жанындағы автобус аялдамасы бүлінген. Жанкүйерлер көшеде велосипедтерді өртеп, отшашулар атқан.
Ренн, Страсбург, Гренобль және Францияның өзге де қалаларынан дүкендерді тонау мен жаппай тәртіпсіздік туралы ақпарат тарады.
Билік ықтимал тәртіпсіздіктерге алдын ала дайындалған. Матч күні ел бойынша шамамен 22 мың полицей кезекшілікке шыққан. Оның 8 мыңы Парижде жұмыс істеген. Алайда соған қарамастан қақтығыстардың алдын алу мүмкін болмады.
Түнгі тәртіпсіздіктерге қарамастан, «ПСЖ»-ның жеңісіне арналған мерекелік шараларды тоқтатпау туралы шешім қабылданды.
Парад өтеді, – деді Франция ішкі істер министрі Лоран Нуньес.
Алдын ала мәлімет бойынша, Париждегі чемпиондық шеруіне шамамен 100 мың адам қатысады деп күтіліп отыр. Парадтан кейін футболшыларды Франция президенті Эмманюэль Макрон қабылдауы тиіс.