Паралимпиадашылар Мемлекеттік наградалармен марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Токио Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерін Мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсіміне қатысты.
Токио Паралимпиадасы еліміз үшін табысты болды. Дүбірлі додада қазақстандық спортшылар 5 медаль иеленді. Бұл - еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Жарыстың алғашқы күндерінде Давид Дегтярёв пауэрлифтингтен алтын, пара дзюдодан үш спортшымыз Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев күміс жүлдеге, ал суда жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қола жүлде иеленді. Президент кеше «Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы» Жарлыққа қол қойды, - деді Мемлекеттік хатшы.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаулысымен Давид Дегтярёв III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев «Парасат» орденімен, Нұрдәулет Жұмағали «Құрмет» орденімен марапатталды.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Жапония астанасы Токиода өткен XVI жазғы Паралимпиадада жүлде жеңіп алған спортшылар мен олардың бапкерлерін қабылдап, Мемлекеттік награда мен қаржылай сертификаттарды табыстады.
Салтанатты іс-шараға барлық жүлдегер мен олардың бапкері, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Сонымен қатар Қырымбек Көшербаев алтын медаль алған парапауэрлифтингші Давид Дегтярёвке 106 миллион, бапкеріне 84 миллион, күміс медальге ие болған парадзюдошылар Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевке 63 миллион, бапкеріне 51 миллион, қола жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағалиге 31 миллион теңге, бапкеріне 25 миллион теңге қаржылай сыйақы табыстады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы