Паралимпиада ойындарының жеңімпазына Астана төрінен үй берілді

Астана әкімі Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерін құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы  парақшасында Паралимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салған спортшылармен кездескені туралы жазды.

Оның сөзінше, Ақмарал Науатбек Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді.

Паралимпиада ойындарының елордалық жүлдегерлерімен кездестім. Ақмарал Науатбек елімізге көптен күткен жеңіс сыйлады. Ол пара дзюдодан әлем чемпионы атанған және Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді. Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шамей. Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Олардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатыр, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтердің сертификаты және 30 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 млн теңге табыс етілді.

Ерғали Шамейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Дәурен Оразовқа 7 млн теңге табыс етілді. Ақшалай сыйақы демеушілер тарапынан берілді.

Біз өз тарапымыздан спортшыларымызға қолдау көрсетуді ары қарай да жалғастырамыз, сол сияқты қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне тиісті жағдай жасаймыз және т.б., – деп жазды әкім.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы