Кеше 2026, 21:00 Фото: paralympic.org

Паралимпиада-2026: Ербол Хамитов биатлон жарысында 8-орын алды

Спортшы бірінші атыста бір рет мүлт кетті.

Қысқы Паралимпиада-2026 ойындарының алғашқы жарыс күнінде 28 жастағы қазақстандық биатлоншы Ербол Хамитов отырып жарысатын спортшылар арасындағы 7,5 шақырымдық спринтте екі атыс шебімен сегізінші орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлем кубогі-2025 жеңімпазы бірінші атыста бір рет қана мүлт кетіп, жарысты 20.47,2 (1) уақыт көрсеткішімен аяқтады. Айта кетейік, алғашқы алты спортшының барлығы 10 нысананы да дәл көздеп, қателік жібермеген.

Алтын жүлдені украиналық Тарас Рад иеленді. Ол қашықтықты 19.55,5 (0) нәтижесімен аяқтап, Хамитовтан 51,7 секундқа жылдам болды. Күміс медаль қытайлық Минтао Люге бұйырды – 20.04,8 (0). Қола жүлдені оның отандасы Жиксю Лю жеңіп алды – 20.13,1 (0).

51 жастағы қазақстандық Сергей Усольцев бірде-бір рет мүлт кетпей, 23.12,4 (0) нәтижесімен 18-орында мәреге жетті. Ал Паралимпиада ойындарының дебютанты, 42 жастағы Юрий Березин 25-орынға тұрақтады – 25.40,9 (5).

Бүгін қазақстандық биатлоншы, Бейжің-2022 Паралимпиадасының қола жүлдегері Александр Герлиц дәл осы қашықтықта, бірақ тұрып жарысатын спортшылар арасында бақ сынайды.