Парадзюдодан Қазақстан бойынша алғашқы әлем чемпионына пәтер берілді

Астана, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бір топ спортшылармен, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарымен кездесіп, оларға пәтер кілттері мен ақшалай сертификаттар табыстады.

Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен III жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Диас Бахраддин мен парадзюдо бойынша алғашқы қазақстандық әлем чемпионы Олжас Оразалыұлы жаңа пәтерлердің кілтін алды.

Кездесуге III жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы (6-18 қазан, Буэнос-Айрес, Аргентина) Диас Бахраддин, парадзюдо бойынша әлем чемпионы (16-18 қараша, Одивелаш қ., Португалия) Олжас Оразалыұлы, сондай-ақ дзюдодан Пара Азиаданың күміс жүлдегері - Азамат Тұрымбетов, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері - Айдос Сұлтанғали және байдарка мен каноэ есуден Азия ойындарының қола жүлдегері - Мерей Медетов және отырып ойнау волейболынан Пара Азия ойындарының қола жүлдегерлері - Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев қатысты.

«Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз Еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Облысымызда бұқаралық спорт, жоғары спорт шеберлігі, ұлттық спортпен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында да спорт қарқынды дамып келеді. Португалияның Одивелаш қаласында парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді қызылордалық Олжас Оразалыұлы алып берді. Бұл жеңіс – Қазақстан Паралимпия спорты тарихындағы парадзюдодан алғашқы медаль болып саналады. Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз - өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, мыңдаған жастың спортқа, салауатты өмір салтына ынтасын арттырары сөзсіз. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар», - деді аймақ басшысы.

Диас Бахраддин, Айдос Сұлтанғали және Эрик Қасқабаев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Спорттағы жетістіктері үшін Диас Бахраддин мен Олжас Оразалыұлы пәтер кілттеріне, Айдос Сұлтанғали – 3 млн теңге, Мерей Медетов пен Азамат Тұрымбетов – 1 млн теңге, ал Эрик Қаксқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев – 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды.

Өткен демалыс күндері Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен "Спорт жұлдыздары" республикалық журналы ұйымдастырған марапаттау рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, № 2 спорт мектебі және облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы 2018 жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев "Үздік спортқа жанашыр облыс әкімі" номинациясы бойынша марапатталды.

Анықтама: Спортты дамыту саласында аймақта олимпиадалық резервті дайындау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 35 спорт түрімен 18 мыңнан астам оқушы айналысады. Олардың қатарында 1 спортшы - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 40 спорт шебері, 878 спорт шебері кандидаты мен 1-ші дәрежелі спортшылар бар. Қазақстан Республикасының құрама командасына аймақтың 470 спортшысы қосылды.

Соңғы екі жылда аймақта 16 спорт ғимараты пайдалануға берілді. Оның 9-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, 7-і облыстық бюджет есебінен салынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: glavny.tv
Өзгелердің жаңалығы