Пара спортшы IV Азия Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі
Елордалық пара жеңіл атлетика спортшысы Айсұлу Сүлейменова Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін IV Азия Паралимпиада ойындарына қатысатын Астана қаласының спортшыларына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өздеріңіз білесіздер, қазір Қытай елінде Азия ойындары өтіп жатыр. Сол жарыс аяқталғаннан кейін екі аптадан соң біздің пара спортшыларымыз Қытайдың Ханчжоу қаласына атанады. Осы орайда ел намысын қорғайтын барша пара спортшыларымызға және Астана қаласы құрамасына сәттілік тілеймін. Сіздердің спорттық жетістіктеріңіз, жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз – спорттың биік шыңы. Бүкіл ел сіздерге жанкүйер болады. Еліміздің туы әрдайым биікте желбірей берсін. Алдағы жарыста сәттілік серік болсын!» - деді Айсулу Сулейменова.
Ханчжоу-2022 IV Азия Паралимпиада ойындары осы жылдың 22-28 қазаны аралығында Ханчжоу қаласында өтеді. Оған бас-аяғы 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыс спорттың 22 түрінен өткізіліп, 564 алтын медаль сарапқа салынады.
Еліміздің атынан 131 спортшы 14 спорт түрінен сынға түседі. Олардың қатарында астаналық құрама команда спорттың 4 түрі бойынша яғни, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара оқ ату мен пара жүзуден жарыс жолына шығады.
Азия Паралимпиада ойындарына қатысатын Астана қаласының спортшылары:
Пара дзюдо - Ақмарал Науатбек (-48кг), Ерғали Шамей (-73кг), Асылан Нұрдаулетов (-73кг) пен Бауыржан Арстанбеков (-90кг).
Пара үстел теннисі - Балзия Таш, Алтынай Ержанқызы, Сауле Айдарханова мен Александра Степанова.
Пара оқ ату - Александр Пасхалиди.
Пара жүзу - Сиязбек Далиев.