Пара алған 8 ұстаз жұмыссыз қалды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 8 ұстазы жұмыссыз қалды. Педагогтар соңғы 1.5 жылдың ішінде студенттерден 5-400 мың көлемінде пара алып келген, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мұғалімдер алған қаржысына білім алушылар үшін емтихан тапсырып, сессиясын жауып берген. Тест жұмыстарының дайын жауабы мен дипломдық жұмыстарды сатып, өндірістік практикаға жоғары баға қойыпты. Бұл фактіні оқу орнының жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы анықтады. Шыңғыс Мұхамбетқалиевтің сөзінше, заңбұзушылықтардың басым бөлігі «Таза сессия» іс-шарасы кезінде тіркелген.
Анықталған факті бойынша, 1 мұғалім сессия кезінде платонус жүйесі арқылы студент үшін емтихан тапсырған. 6 ұстаз пара алды. Тағы 1 мұғалім Еңбек кодексінің 52-бабының 14-тармағына сәйкес, тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер, осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын моральға қайшы қылықтар жасағаны анықталды. Заңды тікелей әрі өрескел бұзғаны үшін мамандармен келісімшарт біржақты бұзылып, жұмыстан босатылды. Студенттер де оқудан шығарылды, - дейді Ш.Мұхамбетқалиев.
Қазір университет іші толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бұл бейнежазбаларға үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Егер емтихан аяқталғаннан кейін, студенттің ұялы телефон, не дайын жауаптар қолданғаны анықталса, ол білім алушының емтиханға қойылған бағасы толықтай жойылады. Платонус арқылы емтихан тапсыратындар үшін де дәл солай.
Академиялық адалдық ортасын қалыптастыру бойынша жұмыстарымыз әрі қарай жалғасатын болады. Тексеріс күшеймек. Егер студенттердің пара бергені анықталатын болса, олар оқудан шығарылады. Онымен қоймай, елдің өзге университеттеріне де оқуға қабылдану құқығынан да айырылады. Студенттерге соны түсіндіргіміз келеді, дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау унивеситетінің проректоры А.Шүкіров.
Айта кетсек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 8.5 мың студент бар. 1 мыңға жуық қызметкер нәпақа тауып отыр. Оқу процесі кезінде жемқорлықтың болмауын 1 ғана маман бақылайды. Жұмыс барысында білім алушылардан анонимді сауалнамалар да алынады.
Студенттер мен ұстаздардан бөлек, оқу ордасындағы шаруашылыққа қажетті алынатын тауар құны мен сәйкестігі бақыланады.
Университетте 2022 жылдан бастап, ИСО халықаралық стандарттарының талаптарын ескере отырып, парақорлыққа қарсы менеджмент жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол стандарт 4 бөліктен тұрады. Қазір оқу ордасында соның 2 бөлігі енгізілген. Алдағы уақытта білім мекемесі халықаралық сертификаттаудан өтуді жоспарлап отыр.