Панфилов ауданында «Жаркент бөрісі» турнирі өтті
Алматы, BAQ.KZ. Жаркент қаласындағы №1 спорт мектебінде Панфилов ауданы әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен алғаш рет «Жаркент бөрісі» аудандық турнирі өтті. Бұл туралы «Жетісу Медиа» ақпарат алаңы хабарлады.
Қала және ауылдық округтерден 91 келі салмақтан жоғары 44 балуан күресіп, кіл мықтылар анықталды. Өңірдегі қазақ күресін тамашалауға грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев бастаған спорт майталмандары мен жанашырлары келді.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Сағымбек құттықтау тілегін жеткізіп жарысқа демеуші болған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Жаркент жерінде талай жарыстар өткен. Алайда мынау өте ерекшесі болып келеді. Мемлекетіміз бұқаралық спортты дамытуға зор жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл бізде Пенжім және Үлкеншыған ауылдарында 100 орындық спорт кешендері салынады. Келер жылы Үшарал ауылында 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа тағы бір спорт кешені бой көтермек. Осы тұрғыда бұдан да өзге спорт нысандарын салған жергілікті кәсіпкерлерге, тұрғындар атынан алғыс білдіремін, - деді Марат Рахымбердіұлы.
Ұлттық спортымызда бағын сынаған балуандар ішінен үздік шыққан Үлкеншыған ауылының балуаны Дастан Тұрғамбеков «Жаркент бөрісі» атанса, Бірлік ауылдық округінің намысын қорғаған Болат Рақышев екінші орынды, ал Көктал ауылының балуаны Жасұлан Нусипали үшінші орынды иеленді.
Бұл күресте финалға шыққан екі балуан облыста өтетін «Жетісу бөрісі» турниріне қатысады. Жеңімпаз балуандар ақшалай сыйлық пен арнайы дипломдармен марапатталды.