Панфилов ауданында жаңа мектеп, балабақша мен спортзал ашылды
Тәуелсіздік күнінде Панфилов ауданында бірден 3 жаңа нысан ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, 110 орынды модульді мектеп, 284 орынды балабақша, 50 адамға арналған спортзал пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың іске қосылуы арқасында 75 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жаңа мектеп Бөрібай би ауылында ашылды. Модулді конструкцияларды қолданудың көмегімен мектеп 6 айда тұрғызылды. Ғимараттың жалпы алаңы 1440 шаршы метрден асады, 13 кабинеттің бәрі қажетті құралдармен жабдықталған. Жобаның жалпы құны – 1,4 млрд. теңге. Мұндағы спорт алаңдары, футбол алаңы, спортзал ауыл балаларының тұрақты түрде спортпен айналысуына мүмкіндік туғызбақ.
Жаңа мектеп маған қатты ұнады, іші жарық, жылы. Бұрынғы ескі мектепте кабинеттер тар еді, әсіресе, үзіліс кезінде қолайсыз болатын, - дейді Ә.Бөкейханов атындағы мектептің оқушысы Ажар Әлімова.
Сол сияқты Жаркент қаласында 284 орынды балабақша ашылды. Жеке кәсіпкер оған шамамен 300 млн. теңгедей инвестиция салған. Жаңа нысанда 30 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкер Мұратжан Зубаршаевтың айтуынша, бұл – оның Балалар жылы аясында ашып отырған алғашқы нысаны.
Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбектің сөзіне сүйенсек, биылғы жылы Жаркент өңірінде бірнеше нысан іске қосылған:
Жыл басынан бері меценаттардың көмегімен аудан ауылдарында 4 спорт кешені ашылды. Енді бесіншісін ашамыз. Бұл халықтың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді, - деді М.Сағымбек.
Жаңа спорт залының жалпы алаңы 250 шаршы метр. Оған 150 млн. теңге инвестиция тартылған. 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкер Арман Мұратжан өзіне көрсетілген қолдауға ризашылығын жеткізіп, қоғамға пайдалы іс атқару ортақ міндет екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Жаркент қаласында 320 орынды жеке мейрамхана да ашылды. Онда 30 адам тұрақты жұмысқа қабылданды.