Панфилов ауданында су электр станциясы іске қосылды

Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында "Нұрлы-Шырақ" шағын СЭС іске қосылды.

Ол Панфилов ауданында Басқұншы ауылының маңында, Қазақстан мен ҚХР Мемлекеттік шекаралары арасындағы бейтарап белдеуде орналасқан. Шағын СЭС құрылысы 2010 жылдан 2014 жылға дейін жүргізіліп, кейін техникалық себептерге байланысты тоқтап қалған.

Мамандардың айтуынша, СЭС-тің қуаты 2 МВт. Қорғас өзені ағынының орташа жылдық көрсеткіштері кезінде су электр станциясы жылына 9,85 млн-дай
кВт-сағ электр энергиясын өндіре алады.

Техникалық себептерге байланысты шағын СЭС бұрын тоқтатылды, іске қосу кейінге қалдырылды. Елдегі энергия тапшылығына байланысты СЭС-ті осы жылы іске қосу шешімі қабылданды. Ол үшін екі маманды Арменияға оқуға жібердік. Өйткені дәл осындай СЭС сол елде бар екен. Бұдан әрі мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, "Қазсушар"РМК-ның меншікті қаражатынан 29 млн теңге сомасына шағын СЭС-ті тексеру және іске қосу үшін объектіні қайта іске қосу жүргізілді. Сондай-ақ, бірқатар қосымша іс-шаралар орындалды, жедел-техникалық қызмет ұйымдастырылды. Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай станцияны қосып отырмыз, – дейді "Қазсушар" РМК-ның бас директоры Алтай Елжасов.

Сонымен қатар ол СЭС салу бойынша тәжірибе жинағандарын, алдағы уақытта үкіметке ұсыныспен шығатындарын жеткізді.

Дәл осындай СЭС салатын орын Түркістан облысында, Алматы облысындағы Қарасай ауданында бар. Қазір құжаттарды дайындап болған соң, нарыққа станция салу ұсынысымен шығамыз, – деді бас директор.

СЭС-ке қойылған техникалық жабдықтың барлығы Санкт-Петербург қаласында жасалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы