Панфилов ауданында үш мектепке қазақ зиялыларының есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін жаңа оқу жылының ашылу салтанатына орай Панфилов ауданында «Көктал орта мектебі» мектепке дейінгі шағын орталығына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Бұрынғы А. Луначарский атындағы орта мектеп-гимназия даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аталса, Сәтжол орта мектебіне алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімі беріліп, ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Биылғы жылы осы күнге дейін ауданымызда бірқатар елді-мекен мен көше атаулары өзгертілсе, соның ішіндегі ең қуантарлығы үш білім ордасына қазақ зиялыларының есімі берілуі,-дейді аудан әкімінің орынбасары Шухрат Курбанов. 

Бірінші сыныпқа немересін әкелген Күлиман апа немересінің қазақ зиялылары тәрізді ел басқаратын азамат болуын тілейді. 

"Жаңа оқу жылында Димаш, Әлихан, Бауыржандай ұлы адамдардың есімін мектепке беру балаларымызға үлкен тәрбие, өнеге. Аудан әкімшілігіне рахмет, - дейді ауыл тұрғыны. 

 Аудандағы бір мектептің Дінмұхамет Қонаевтың есімімен аталуы да тегін емес.

"Бірде Димаш атамыз Жаркент-арасанда демалып, қайтып бара жатқанда Көктал ауылының бір топ оқушысы атамыздың көлігін тоқтатып, ауылға мектеп салып беруін өтініпті. Димаш атамыз балаларға берген уәдесін орындап, 1976 жылы Көктал орта мектебі бой көтерген. Міне, осы мектепке Дінмұхаммед Қонаев атамыздың есімін беру өте құптарлық іс,- дейді кезінде Панфилов ауданының бірінші хатшысы болыған Ғалым Туғанбаев. 

 Айта кету керек, жаңа оқу жылы қарсаңында Панфилов ауданында 50 мектеп есігін ашса, 2800-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын жаңадан аттады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы