Пандемияны алдын алудағы маңызды қадам – вакцинация

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК директорының орынбасары Манар Смағұл вакцинацияға қатысты пікірімен бөлісті. 

Вакцина – бұл медицина саласындағы ең ғажап жетістіктердің бірі деуге болады. Бүгінгі таңда вакцинаның арқасында шешек дерті түбегейлі жойылды. Ал полиомиелит (жұлынның қабынуы) бойынша қазір тек екі эндомиялық аймақ сақталған. Қызылша, қызамық, дифтерия, гепатит жұқпаларын алар болсақ, дәл осы вакцинациялау арқылы бұл індеттердің көрсеткіші едәуір төмендеді, - дейді ол.


Дәрігер тұтас әлем елдерін бір жыл бойы әуреге салған коронавирус инфекциясының тиімді алдын алу шарасына қол жеткіздік дейді. Оның ойынша, вакцинация – пандемияның алдын алудағы маңызды қадам.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемде 42 мемлекет коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияны қолдануды бастады. Әсіресе, АҚШ, Израиль, Германия, Ұлыбритания, Дания, Италия сияқты дамыған елдер бұл шараны кідіріссіз бастап кетті. Ал ресейлік вакцина «Спутник V»-ді Боливия, Алжир, Сербия сияқты елдерде қолдануға рұқсат берілген. Әлемдік вакцинаны қадағалау орталығының мәліметіне сәйкес, Ресейде бүгінде вакцина салдырғандар саны миллионнан асқан. Әлем бойынша вакцинаны ең көп қолданған ел – АҚШ (15 миллионнан астам), - деді ол.

Манар Асырқызы вакцинаға қарсы көрсеткіштер, екпеден кейінгі асқынулар мен жанама әсерлер туралы да айтып берді.

Кез келген медициналық препаратқа қарсы көрсеткіштердің болатыны сияқты, вакцинаның да жанама әсерлері болуы мүмкін. Оның барлығы вакцинаның нұсқаулығында жазылған. Вакцина алар алдында дәрігер пациентті міндетті түрде толық тексеруден өткізіп, бақылайды. Вакцинаның уақытша және тұрақты қарсы көрсеткіштері болады. Тұрақты қарсы көрсеткіштер энцефалопатия, ауыр аллергиялық реакция, анафилактикалық шок кезінде білінеді. Ал егер адам жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың бірімен ауырып жүрсе немесе жүктілік және бала емізу кезеңі уақытша көрсеткіштерге жатады. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге вакцина салынбайтынын да айта кету керек. Ресейлік «Спутник V» вакцинасының асқыну фактісі тіркелмеген. Мамандардың айтуынша, екпеден кейін жалпы реакция білінуі, яғни температураның көтеріліп, тұмауға ұқсас белгілердің болуы мүмкін. Вакцина салынар алдында дәрігерлер міндетті түрде пациентке бұл жөнінде ақпарат береді, - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпан күні коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау басталады. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салыну жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.  Ал күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егер коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жақсы нәтиже көрсетсе, өзіне де салдыратынын жеткізді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы