«Пандемия. Шектеу. Самғау...» Жеңіс Кәкенұлының көрмесі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында белгілі кескіндемеші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Кәкенұлының жеке көрмесі ашылды.
«Пандемия. Шектеу. Самғау...» көрмесінің авторы «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында халықаралық кеңістікте Ұлы Дала елінің мәдени кодын қалыптастыратын саңлақтарды ұсынады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік елшіліктердің, «Құланшы» көркем галереясының, «Has Sanat» арт-галереясының, «Байта» ҚФ, «Фолиант» баспасының өкілдері, Нұр-Сұлтан суретшілер одағының мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЮНЕСКО клубының балалар көркемсурет мектебінің мұғалімдері, сондай-ақ астаналық гуманитарлық колледж студенттері қатысты.
Бұл жобамыз әлемді шарпыған пандемияға қарамастан, ұлт мәдениеті көрнекті өкілдерінің өнерін, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын насихаттауды көздейді. Белгілі шебер Жеңіс Кәкенұлының көрмесі – автор әлемінің айнасы. Оның туындылары табиғатқа, құстарға, үйлесімдікке ұмтылады. Қанық бояуларға толы суреттер шығармашылық бейнелер мен тылсым нәзіктікті әбден сіңірген. Ұсынылған сериядағы әр жұмыс біртұтас рухани мазмұнды құрайды, - деді Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева.
Осы уақытқа дейін шығармашылығыма ұлтымыздың тарихы, мәдениеті мен фольклоры арқау болса, бұл ретте жалпы адамзат болмысы мен құндылықтарына сүйеніп, адамның ішкі дүниесі мен жан әлемін бейнелеуге тырыстым. Көрмені тамашалауға келген азаматтардың туындыларға терең үңіліп, мазмұнын түсінуге тырысуы - суретші үшін үлкен мадақ. Сол қауымды жинаған іс-шараның ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, - деді Жеңіс Нұрлыбаев.
Жеңіс Кәкенұлын дарынды кескіндемеші ретінде біраздан бері сырттай танимын. Биыл ол кісіні графикалық суретші ретінде жаңадан танып жатырмын. Расында да пандемияның бәрімізге әсері зор. Алайда нағыз өнер соғысты да, пандемияны да төзеді. Өнердің даму тарихына үңілсек, әлеуметтік, экономикалық немесе саяси өзгерістер сияқты сынақ пен дағдарыстың кезінде өнер саласының түрлі бағыттары шарықтап, жаңа кезеңге қадам басқанын аңғаруға болады. Жеңіс Кәкенұлы да бұл ахуалдың тұсында жаңа қырынан ашыла түсті. Әрине, суретшінің қолжазбасы сезіледі, алайда түстер мен штрихтерден өзгеріс байқалады, - деді суретші, «Құланшы» заманауи өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрағасы, Еуразия өнер академиясының президенті Ләйлә Махат.
Ол авторды көрменің ашылуы мен Еуразия өнер академиясының мүшелігіне кіруімен құттықтады.
«Пандемия. Шектеу. Самғау...» көрмесі 2021 жылғы 27 қыркүйекке дейін жалғасады.