Пандемия кезінде жиі қолданылатын тауарларды тасымалдауға жеңілдік мерзімі ұзартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова министрліктің алқа отырысы барысында хабарлады.
Ведомство басшысы пандемияның жағымсыз салдарын азайту мақсатында министрлік сауданы реттеудің барлық қажетті шараларын енгізіп отыратындығын айтты.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен пандемияның таралуы мен оның алдын алу үшін импортталатын тауарларға тарифтік жеңілдік мерзімі 2022 жылдың наурыз айына дейін ұзартылыпты.
ЕАЭО аумағында коронавирус инфекциясының таралуы мен алдын алу үшін импортталатын тауарларға жеңілдік мерзімі келесі жылдың наурызына дейін ұзартылды. Олардың қатарына: жеке қорғаныс құралдары, дәрілік заттар, тест жүйесі мен медициналық жабдықтар және оларды өндіруге арналған шикізаттар жатады, - деді вице-министр Жанель Кушукова.
Оның айтуынша, масканы сыртқа тасымалдауға қойылған тыйым салдарынан оның бағасы едәуір төмендеген. Қазіргі уақытта бір данасы 7-10 теңгеге дейін түсті деп отыр.
Ал орман қорын сақтап қалу мақсатында 6 ай мерзімге дейін орман материалдарын тасымалдауға тыйым салыныпты. Тірі ірі қара және қой-ешкі түліктерінің санын ұлғайту үшін де жарты жылға дейін оларды ел аумағынан сыртқа тасуға болмайды. Сонымен қатар ішкі нарықта тапшылық және баға өспеуі үшін қарақұмықты да шетел асыруға шектеу қойылған.
Айта кететін жайт, «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес мемлекеттік органдар тауарларды тасымалдау немесе әкелуге тыйым салуға және мөлшерін шектеуге құқылы. Бұл отандық кәсіпкерлерді қорғау мен Қазақстан нарығында орын алатын қатерлерді реттеу үшін жасалады.