Пандемия кезінде волонтерлер 1 млн-ға жуық адамға көмек көрсеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүкіл әлем тәж-тажалмен күрескен қиын-қыстау кезеңде волонтерлер 950 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен. Бұл деректі Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин алға тартты.  

Пандемия кезінде еріктілер гуманитарлық көмекті адрестік жеткізу, мүгедек адамдармен, балалармен жұмыс жүргізу сынды жұмыстарға көмектескен. Осылайша, волонтерлік – азаматтардың азаматтық белсенділігінің маңызды нысанына айналып отыр. 

Премьер-министр елімізде волонтерлік қозғалысты дамыту шараларын күшейту мақсатында тапсырмалар берді. 

Оның айтуынша, біріншіден, Ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге волонтерлік қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасының сапалы пысықталуын қамтамасыз етуі тиіс. Одан кейін, аталған министрлікке сарапшылармен бірге волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзірлеу тапсырылды.  

Үшіншіден, мемлекеттік органдар құқықтық және психологиялық көмек, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, төтенше жағдайлардың салдарын жою және басқа да салаларда салалық волонтерлік, оның ішінде цифрлық, онлайн-волонтерлік, эковолонтерлік үшін жағдайлар жасап, оны жандандыру қажет.

Төртіншіден, өңірлердің әкімдіктеріне волонтерлік қозғалысты ынталандыру шараларын күшейтуді, тұрақты мониторинг жүйесін жолға қоюды және 2023 жылға дейінгі өңірлік Жол карталарын 1 тамызға дейін қабылдауды тапсырамын, – деді Асқар Мамин. 

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде волонтерлік ұйымдармен бірге Жалпыұлттық игі істер марафонын іске асыруға азаматтар да қамтылатын болады. 

Мемлекеттік органдар Ұлттық волонтерлік желімен бірге үздік волонтерлік практиканы насихаттап, барлық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу Ақпарат министрлігіне жүктелді.  

Үкімет басшысының айтуынша, адамдар волонтерлердің әрқашан көмекке келуге дайын екенін көріп, білуі тиіс.

Бұған дейін Көлгінов елордада еріктілерді дайындайтын Волонтерлер мектебі жұмыс істейтінін айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы