Пандемия кезінде Ұлттық қордың трансферті өскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия кезінде Ұлттық қордың трансферті өскен. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Есепті талқылау кезінде бюджеттің мұнайдан түсетін кірістерге тәуелділігінің артуы туралы сұрақ көтерілді. Шын мәнінде, коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан трансферттер тартудың өскені байқалды. Оның көлемі бюджет кірістерінің 45%-ына жетті. Қосымша соманы есепке алмағанда, бюджет кірістерінің құрамындағы трансферттердің үлесі өткен жылдар деңгейінде сақталады, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Ол бұл ретте былтырғы жылы Ұлттық қордың активтері 744 млрд теңгеге өскенін айтты.

Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Кепілдендірген трансферт орта мерзімді кезеңде қысқаратын болады. Бюджет кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес кепілдендірілген трансферт бойынша жаңа контрциклдық қағиданы қолдану жоспарланып отыр. Кепілдендірілген трансферт мұнайдың консервативтік бағасы (кесімді баға) кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады, - дейді министр.

Ол бұл мұнайға тәуелсіз тапшылықты төмендетуге және Ұлттық қордың өсуіне ықпал етеді деп отыр.

Егер былтырғы жылы республикалық бюджетте мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі 55%-ды құраса, ағымдағы жылы оның үлесі 64%-ға дейін жетеді. Алдағы кезеңде бұл үлестің мөлшері ұлғаятын болады. Осыған орай көлеңкелі экономиканы қысқарту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді Е. Жамаубаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы