Пандемия кезінде халық волонтерліктің маңызын түсінді – ерікті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бір жыл бұрын әлемде коронавирус пандемиясы жарияланып, көптеген қалалар карантинге жабылды. Бұл жайт елімізді де айналып өтпеді. Қазақстан халқы да бұрын-соңды естіп, білмеген вирустан сақтану үшін еріксіз үйге қамалды.

Осы сәтте тек медицина, құқыққорқау және әскери қызметкерлер алғы шепте жұмыс істеп, ерлік танытты. Басын қатерге тіккен осы жандардың қатарына волонтерлерді де қосуға болады. Олар пандемияның алғашқы күнінен бастап қиналған жұртшылыққа қолұшын созумен болды.

2020 жыл жалпы еліміз үшін ауыр жыл болғаны белгілі. Пандемия басталғалы көптеген мекеме карантинге жабылып, жұмысы тоқтады. Кеңседе жұмыс істейтіндер қашықтан жұмыс істеуге көшкенімен, көпшілік нәпақасынан айырылып, 2 айдан астам уақыт үй карантиніне тоғытылды. Осы сәтте әр қалада волонтерлік жедел штаб құрылып, қиын жағдайда қалған отбасыларға азық-түлік жеткізіп, қолдарынан келген көмекті көрсете білді.

Пандемияның алғашқы күндері басын қатерге тіге отырып халыққа жәрдемдесуге асыққан жандардың бірі Бағдат Анарбаева. Ол сол сәтте «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ Алматы филиалының төрайымы болған әрі Алматы қаласында құрылған волонтерлік жедел штабқа жетекшілік етті.

Ол Алматы қаласы карантинге жабылғанға дейін белгілі бір топқа азық-түлік жеткізіп, көмектесіп жүргендерін айтады. Кейін қала карантинге жабылғанда көмекке мұқтаж жандардың саны бірнеше есеге артатынын уайымдап әкімдікке ұсыныспен шыққан.

Карантин болған соң барлығы үйде отыруы керек болды. Дегенмен біз қала әкімдігіне қиналған халыққа көмек көрсетсек, волонтерлердің жедел штабын құрсақ деген өтінішпен шықтық. Оған барлық волонтерлік ұйымдар және көмек көрсетем деген тұрғындар да қатысты. Әкімдік тарапынан бізге үлкен қолдау жасалды. Ең алдымен бізге жиналатын орын берілді және санитарлық нормалардың барлығы қатаң сақталды, - дейді ол.

Волонтерлер негізінен бұрынғы трамвай депосының ғимаратында, қазіргі жастар ресурстық орталығында жұмыс істеген. Алғашқы кезде коронавирустың не екенін ешкім толық біле бермеді. Сондықтан үрей, қорқыныш волонтерлер арасында да басым болған.

Барлық жерде вирус жайлы хабарланып жатқанымен бізде халыққа көмектессек деген ниет болды. Волонтерлік штабқа 18 жастан асқан азаматтарды ғана қабылдадық. Бір айта кетерлігі халыққа азық-түлік жеткізу кезінде ешбір ерікті вирус жұқтырмады. Оның үстіне арамызда медицина саласында жұмыс істеген волонтерлер де болды. Олар қауіпсіздік шаралары бойынша әрдайым кеңес беріп отырды, - дейді волонтер.

Қалада жұмыс істеп жүрген волонтерлердің иммунитеті төмендеп кетпес үшін әкімдік оларды тамақпен қамтуды өз мойнына алыпты. Сондай-ақ жастарды үйінен жұмысқа әкеп тұру үшін бірнеше автобус бөлген.

Бағдат Анарбаева жедел штаб құрылысымен ондағы волонтерлердің жұмысы бірнеше бағытқа бөлінгенін айтады. Оның ішінде көпшілікке кеңінен танымалы жұртшылыққа азық-түлік себеттерін жеткізу болған.

Көптеген отбасылар қиын жағдайда қалған соң біз азық-түлік себеттерін дайындап, әр мекенжайға жеткізіп отырдық. Негізінен көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлер, ерекше көмекті қажет ететін мүмкіндігі шектеулі адамдар және үйінде мүгедек жан бар отбасыларға, жалпы қиын жағдайда қалған адамдар еді. Кейбір отбасылар бізге көмек сұрап хабарласады, олар ешқандай категорияға жатпайды, алайда жұмыссыз қалған соң қиналып жатты. Оларға да міндетті түрде көмектесіп отырдық, - деп атап өтті ол.

Волонтерлер халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша демеушілерге, кәсіпкерлерге шығып отырған. Алайда негізгі бөлігін мемлекет, яғни қала әкімдігі бөлген.

Атамекен кәсіпкерлік палатасы көп көмек көрсетті, сондай-ақ депутаттар да азық-түлік сатып алып бізбен бірге таратып жүрді. Оған қоса өзіміздің қоғамдық қормен бұрыннан серіктестікте жұмыс істеп келе жатқан мекемелер де қолұшын созды. Кейбір отбасыларға жетпей қалғанда олар ақша бөліп, азық-түлік алып берді. Одан бөлек қарапайым тұрғындар да біздің штабқа келіп, бұл біздің көмегіміз деп азық-түлік, киім-кешек әкеп отырды. Біз соны сараптап, түскен өтініш бойынша жеткізіп отырдық. Қанша азық-түлік себеті таратылғанын айту қиын, дегенмен 30 мыңнан астам болды, - дейді ол.

Карантин шаралары жеңілдетіліп, қала ашылған соң волонтерлер дәріханаларға мониторинг жүргізумен айналысқан. Қай дәріханада қажетті дәрі-дәрмек, маска жоқ екенін немесе бағаны шамадан тыс асырғандарды анықтап отырыпты.

Сондай-ақ карантин кезінде заңсыз жұмыс істеген мекемелерді анықтау бойынша полиция, СЭҚ қызметкерлерімен бірге рейдке шығып, мониторинг жүргізіп отырдық. Одан бөлек дәріханаларда үлкен кезек болды. Мұндай кезде жалғыз басты зейнеткерлерге көмектесіп, қажетті дәрілерін үйіне жеткізіп беріп отырдық. Сол сияқты әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да дәрі апарып берумен болдық, - дейді ол.

Бағдат Анарбаеваның волонтер болып жұмыс істеп жүргеніне 8 жылдай болған. Алғашында уақытының бос кезінде мұқтаж жандарға көмектесу ол үшін хобби сияқты болған. Алайда пандемия кезінде нағыз волонтерліктің жауапкершілігін сезіне түскен және негізгі жұмысына айналыпты.

Пандемия кезінде халық волонтерліктің маңыздылығын, оның ерекшелігін, жалпы волонтер кім екенін түсінді. Өйткені бұған дейін көпшілік волонтерді концерттік немесе басқа да шараны ұйымдастырушы деп келді. Оның әртүрлі бағыты болатынын біле бермейді. Көп адам «бұл не жүріс, сабақтарыңды оқымайсыңдар ма» деп түсінбей жататын. Дегенмен пандемия кезінде халықтың басым бөлігі біздің жұмыспен жақын танысты және волонтерлікке деген ойы өзгерді, құрметпен қарайтын болды, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол жалпы волонтерліктің қызығымен қоса шыжығы да мол екенін айтады. Карантин кезінде халыққа азық-түлік жеткізу кезінде де түрлі қиындықтар болған екен.

Мәселен қиналған отбасыларға азық-түлік жеткізу кезінде олардан міндетсінуді көп байқадық. Көпшілігі волонтерлер көмекпен қамтуға міндетті деп ойлайды. Біз негізінен ұн, май, қант, сгушенка сияқты қажетті деген азықты жеткізуге тырыстық. Алайда кейбірі «конфет неге жоқ, анау неге жоқ» деп реніш білдіреді немесе волонтерлер алып, жеп қойды деген сыңаймен қарайды. Мұндай жағдайға әр волонтер дайын болды, өйткені оларға адамдармен қалай қатынас жасау керектігін бәрін алдын ала үйретіп отырдық, - дейді Анарбаева.



Штаб жетекшісі негізінен қаладағы жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесу бағытында жұмыс істейтінін айтады.

Қазір зейнет жасына шыққан соң жалғыз қалып қоятын азаматтар өте көп. Біз оларға көмектесуге тырысамыз. Егде жасқа келген соң денсаулығында қиындықтар болады. Сондықтан олар үшін күнделікті дүкенге, дәріханаға барып келудің өзі оңай емес. Біздің волонтерлер әлеуметтік қызметкерлер сияқты олардың үйін жинап беруге, азық-түлігін әкеп беруге көмектеседі. Одан бөлек, ең құндысы адамға көңіл сиялау. Оларға сөйлесетін, сырласатын адам керек. Екініші жағынан қалаға келген жастар ата-әже тауып жатады. Үлкендер өз кеңес, ақылдарын айтып тұрады. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жастарға да, ересектерге де пайдалы, - дейді ол.



Сонымен қатар, волонтерлер арасындағы дарынды жастар өз білгенінін көпшілікке үйретіп, түрлі курстар жүргізіп отырады екен.

Арамызда гитарада жақсы ойнайтын, ағылшын тілін, шахматты жақсы білетіндер бар. Олар өз білгенін елге үйретіп, курстар өткізіп отырады. Волонтерлердің көпшілігі жас болғандықтан қаржы жағынан емес, өз күшімен көмектеседі, яғни тегін білім береді. Мұндай курстар қазір халықтың қауіпсіздігі үшін негізінен онлайн форматта өтіп жатыр. Коворкинг орталығымызда жеті тілде оқытатын тегін курс бар және бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істеп тұр, - дейді Б. Анарбаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы