Палестина фракциялары: Газадағы бітімгерлер тек БҰҰ-ға бағынуы тиіс

Палестинадағы бірқатар фракциялар, соның ішінде ХАМАС, Газа секторына енгізілуі мүмкін бітімгершілік күштері тек БҰҰ қарауына бағынысты болуы керек деп мәлімдеді. Бұл жөніндегі мәлімдеме ХАМАС-тың Telegram арнасында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Біз кез келген халықаралық күш толықтай БҰҰ-ға бағынып, Газада тек Палестина мемлекеттік құрылымдарымен келісімде әрекет етуі қажет деп санаймыз, - делінген хабарламада.

Палестина фракциялары сондай-ақ Газадағы топтарды қарусыздандыруға және анклав аумағында шетелдік әскери базалар құруға қарсы шықты. Олардың айтуынша, бұл сектордың егемендігіне тікелей қауіп төндіреді.

17 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ әзірлеген Газа жөніндегі қарар жобасын қарамақ. Құжатта «халықаралық тұрақтандыру күштерін» қолдау және «ХАМАС-сыз Газа үшін қауіпсіз әрі бейбіт болашақ» құруға бағытталған ережелер бар.

Ресей тарапы бұған жауап ретінде АҚШ-тың жоспарларына балама қарар жобасын дайындағанын хабарлаған. Мәскеу «екі мемлекет» формуласы негізіндегі Таяу Шығыс реттеуінің халықаралық-құқықтық базасын сақтаудың маңызын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы