Пәкістандағы жантүршігерлік апат: Автобус шатқалға құлап, 41 адам қаза тапты
Жолаушылар автобусы терең шатқалға құлап, ондаған адам қаза тапты. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, құрбандар саны артуы мүмкін.
Пәкістанның Белуджистан провинциясында жолаушылар автобусы терең шатқалға құлап, 41 адам қаза тапты. Тағы сегіз адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Dawn басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға жұма күні таңертең болған. Автобус Белуджистан провинциясының орталығы Кветта қаласынан елдің солтүстік-батысындағы Пешавар қаласына бағыт алған.
Полиция өкілі Али Разанің айтуынша, жол-көлік оқиғасы екі қала арасындағы жолдың шамамен ортасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа автобустың белгіленген жылдамдықтан асып кетуі себеп болуы мүмкін. Алайда құқық қорғау органдарының өкілі Мохамед Насир оқиғаның нақты себебі тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді.
Құтқару қызметінің өкілі Фазал Диннің сөзінше, автобус шатқалға құлаған кезде қатты жаншылып қалған. Сол себепті құтқарушылар зардап шеккендер мен қаза тапқандарды шығару үшін арнайы кесу құралдары мен ауыр техниканы пайдаланған.
Жараланғандар мен қаза тапқандардың мәйіттері жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, бірнеше адамның жағдайы өте ауыр. Осыған байланысты құрбандар саны әлі де артуы мүмкін.
Пәкістан үкіметінің статистикасына сәйкес, елде жолдардың сапасының төмендігі, техникалық ақауы бар көліктер және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы жыл сайын мыңдаған адамның өмірін жалмайтын жол апаттарына себеп болып келеді.