Пәкістанда жауған қалың қардан 14 адам көз жұмды

Алматы, BAQ.KZ. Пәкістанның Белуджистан провинциясында нөсер жауынның арты қалың қарға ұласты. Соңғы күндері жауған қардың мөлшері 20 жыл бұрынғы рекордтан асты. 

Бұл туралы Dawn басылымы жазды. 

Ауа райының күрт бұзылуынан бұл аймақта кемі 14 адам көз жұмған. Оның ішінде әйелдер мен балалар бар, тағы ондаған адам жарақат алған. Ел билігі қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады және зардап шеккен аудандардың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірмек. 

Сондай-ақ, қалың түскен қардан көлік қозғалысы да қиындыққа тап болған. Автожолдарда көлік қозғалысы қиындап, бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған. 

Үздіксіз жауған қардан провинция орталығы Кветте ұшақ рейстері де тоқтатылған. 

Синоптиктердің мәліметінше, қар аралас жауын әлі бірнеше күнге жалғасады.

Бұған дейін, нөсер жауынның салдарынан Дубайды су басқанын хабарлағанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы