Пәкістанда су тасқынынан 30-дан астам адам көз жұмды
Пәкістанда соңғы аптада толассыз жауған муссондық жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан 33 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Dawn басылымы Пенджабтағы Төтенше жағдайлар басқармасына (PDMA) сілтеме жасап мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, 23–31 тамыз аралығында болған су тасқынынан 33 адам мерт болып, тағы 8 адам жарақат алған. Барлығы 2 миллионға жуық тұрғын зардап шеккен. Олар үшін 506 гуманитарлық лагерь құрылып, құтқару топтары 760 мың адамды және 516 мың үй жануарын қауіпсіз аймақтарға көшірген.
Бұған дейін Пәкістанның Ұлттық төтенше жағдайлар басқармасы (NDMA) 23 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Сонымен қатар ведомство 1–3 қыркүйек аралығында Исламабад пен Пенджабтың түрлі өңірлерінде қатты муссондық жаңбыр жауатынын, оның су тасқыны қаупін күшейтуі мүмкін екенін ескерткен.
Пенджабтың аға министрі Мариам Аурангзеб бұл апатты "Пенджаб тарихындағы ең ірі су тасқыны" деп сипаттап, судың деңгейінің рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті.
Айта кетсек, биылғы 26 маусымнан бері Пәкістандағы су тасқындарынан 800-ден астам адам көз жұмса, Үндістанның Химачал-Прадеш штатында маусым айынан бері шамамен 300 адам қаза тапқан.