Пәкістанда мектептің төбесі ортасына түсіп, 17 бала мен бір мұғалім қаза тапты
Мектеп төбесінің опырылып түсу себебі әлі анықталған жоқ.
Пәкістанның Пешавар қаласында жекеменшік мектептердің бірінде мектеп төбесінің ортасына құлауы салдарынан 17 бала мен бір мұғалім қаза тапты. Қаза тапқан оқушылардың барлығы 13 жасқа толмаған балалар.
Express Tribune басылымының хабарлауынша, 30-дан астам адам түрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің кейбірі ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді.
Lady Reading Hospital емханасында төтенше дайындық режимі жарияланды. Медициналық мекеменің өкілі Мухаммад Асимнің айтуынша, аурухана әкімшілігі мен дәрігерлер травматология бөлімінде күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Оқиға орнында құтқару операциясы жалғасуда. Мектепке Rescue 1122 бригадалары мен апат салдарын жоюға арналған арнайы техника жетті. Зардап шеккен сегізден астам балаға ауруханаға жеткізілгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Құтқарушылар үйінді астынан адамдарды іздестіруді тоқтатқан жоқ. Билік өкілдері қаза тапқандар саны артуы мүмкін деп қауіптенеді.
Бұған дейін Reuters агенттігі 17 бала мен бір мұғалімнің қаза тапқанын және оннан астам адамның зардап шеккенін хабарлаған еді. Дегенмен, жергілікті басылымның кейінгі деректеріне сәйкес, жараланғандар саны 30-дан асты.
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, құтқару жұмыстарын жеделдетуді және зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Мектеп төбесінің опырылып түсу себебі әлі анықталған жоқ.