Пәкістан жағалауындағы ұшақ апаты: Экипаждың бес мүшесі жоғалып кетті
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Пәкістан жағалауында жоғалып кеткен Boeing 737 жүк ұшағының сынықтары табылды. Алайда ұшақ экипажының бес мүшесі әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы Пәкістанның Әуежайлар басқармасы мәлімдеді, деп хабарлады ВВС.
Ведомствоның мәліметінше, K2 Airways әуе компаниясына тиесілі жеке жүк ұшағы сейсенбі күні Карачи қаласынан Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласына бағыт алған. Ұшу кезінде әуе кемесі навигациялық жүйеде ақау пайда болғанын хабарлап, жергілікті уақытпен сағат 21:21-де әуе диспетчерлерімен байланысын үзген.
Ұшақты іздеу жұмыстары әуе және теңіз күштерінің қатысуымен шамамен 12 сағат жүргізілді. Нәтижесінде ұшақтың сынықтары Араб теңізінде, Ормара портынан оңтүстікке қарай 53 теңіз милі қашықтықтан табылды. Ормара қаласы Карачиден шамамен 360 шақырым батыста орналасқан.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Экипаж мүшелерінің тағдыры әзірге белгісіз.
Еске салайық, Пәкістандағы соңғы ірі авиациялық апат 2020 жылы болған еді. Сол кезде Pakistan International Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Карачи әуежайына қону кезінде апатқа ұшырап, борттағы 99 адамның 97-сі қаза тапқан болатын.