Пәкістанда пойыз апатынан оннан астам адам қаза болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін таңертең Пәкістанда жолаушылар пойызы темір жол бойында тұрған жүк вагонына соғылып, кем дегенде 11 адам қаза тапты, ондаған адам жараланды.
"Жергілікті полиция өкілі Хафиз Бугтидің сөзінше, жараланған үш жолаушының жағдайы ауыр. Бұдан бөлек, соғылған вагондардың ішінде әлі де жолаушылар болуы мүмкін" - деп жазды Азаттық.
Полиция басшысы Умер Саламаттың айтуынша, Лахор қаласынан Белужистан провинциясына бағыт алған пойыз Валхар теміржол станциясында апатқа ұшыраған. "Апат кесірінен үш вагон рельстен шығып, алғашқы бір вагон толық қираған" дейді Саламат.
Апаттың себебі әлі белгісіз.
Пәкістанда адам өліміне әкелетін теміржол апаттары жиі болады. Елдің негізгі теміржол тармақтары 20 ғасырдың алғашқы жартысында салынып, әлі жаңармағаны айтылады.