25 Шілде 2026, 04:27 Фото: depositphotos.com

Пәкістан мен Иран АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау жолдарын талқылап жатыр

Пәкістан үкіметінің хабарлауынша, Иран министрі ел басшылығымен және Пәкістан армиясының бас қолбасшысы Асим Мунирмен кездескен.

Пәкістан Қытайдың бастамасымен АҚШ пен Иран арасындағы бірнеше айдан бері тоқтап тұрған келіссөздерді қайта жандандыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Дереккөздердің мәліметінше, алғашқы талқылаулар осы аптада Иранның Ішкі істер министрі Ескандар Момени Исламабадқа жасаған сапары кезінде өткен. Бұл оның соңғы он күн ішіндегі Пәкістанға екінші сапары болды.

Пәкістан үкіметінің хабарлауынша, Иран министрі ел басшылығымен және Пәкістан армиясының бас қолбасшысы Асим Мунирмен кездескен.

Дереккөздердің айтуынша, Пәкістан Қытайдың қолдауымен АҚШ пен Иран арасындағы диалогты қайта жандандыруға мүдделі. Алайда бұл бағыттағы күш-жігерге өңірдегі әскери шиеленіс кедергі келтіруде.

Өткен аптада Пәкістанның Сыртқы істер министрі Исхақ Дар Қытайға сапары барысында қытайлық шенеуніктермен Таяу Шығыстағы жаңа дипломатиялық бастаманы талқылаған. Қытай Сыртқы істер министрлігі Бейжіңнің Пәкістан мен өзге тараптардың делдалдық әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеді.

Пәкістан билігінің өкілдерінің бірі Қытайдың Иранның Парсы шығанағындағы шабуылдары мен Ормуз бұғазының жабылуына алаңдап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай Бейжіңнің энергетикалық және сауда мүдделеріне тікелей әсер етеді.

Қытай Иранның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады және халықаралық санкцияларға қарамастан, Иран мұнайының негізгі сатып алушысы болып отыр.

Бұған дейін, маусым айында АҚШ пен Иран Пәкістан мен Катардың арағайындығымен соғысты тоқтатуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Құжат тұрақты келісімге қол жеткізу үшін 60 күн ішінде келіссөз жүргізуді көздеген. Алайда тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптап, келіссөздер тоқтап қалды.

Соңғы күндері Йемендегі хусит қозғалысының Сауд Арабиясына қатысты әрекеттері жағдайды одан әрі ушықтырды. Осыған байланысты Пәкістан Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы елдеріне жасалған шабуылдарды тоқтату АҚШ пен Иран арасындағы кез келген жаңа келіссөзді қайта бастаудың басты шарты болатынын мәлімдеді.