Бүгiн 2026, 03:58 Фото: Dawn басылымы

Пәкістан бірқатар елдердің өтініші бойынша Ауғанстанға жасалған соққыларды уақытша тоқтатты

Пәкістан сәрсенбі күні Ауғанстан аумағына жасалып жатқан соққыларды тоқтата тұрғанын мәлімдеді. Бұл шешім мұсылмандардың Ораза айт мерекесі қарсаңында Сауд Арабиясы, Катар және Түркия елдерінің өтініші бойынша қабылданған. Бұл туралы Dawn  басылымы хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарар айтуынша, «Ғазаб лиль-Хақ» операциясы аясындағы әрекеттер уақытша тоқтатылады. Бұл шешім мерекеге байланысты әрі "бауырлас ислам елдерінің өтінішімен" қабылданған.

Оның сөзінше, үзіліс 18 наурыздан 19-на қараған түнгі 00:00-ден бастап 23 наурыздан 24-іне қараған түнгі 00:00-ге дейін жалғасады.

Министр бұл қадам «ізгі ниетпен және ислам қағидаларына сай» жасалып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, егер Пәкістан аумағына шекарааралық шабуыл, дрон соққысы немесе кез келген террористік әрекет жасалса, операциялар дереу қайта басталып, одан да күшейтілетінін ескертті.

Бұл мәлімдеме ауған тарапы Пәкістанның Кабулдағы наркологиялық ауруханаға жасаған әуе соққысынан жүздеген адам қаза тапқанын хабарлағаннан екі күн өткен соң жасалды. Кабул қаласында сол күні қаза болғандардың бір бөлігі жерленді.

Пәкістан бұл айыптауларды жоққа шығарып, соққылар тек әскери нысандарға бағытталғанын мәлімдеді. Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Аттаулла Тарар Пәкістан тек «террористік инфрақұрылымға» соққы жасағанын айтты.

Ал ауған үкіметінің өкілі Забихулла Муджахид бұл әрекетті айыптап, Пәкістанды «ауруханалар мен бейбіт нысандарға шабуыл жасады» деп кінәлады. Оның айтуынша, қаза тапқандар — "бейбіт тұрғындар мен есірткіге тәуелді адамдар" болған.