Пәкістан Ауғанстанға әуе соққыларын жасады: Екі ел арасындағы шиеленіс қайта күшейді
Пәкістан тарапы бұл әрекетті ел аумағында соңғы уақытта болған лаңкестік шабуылдарға жауап ретінде түсіндірді.
Пәкістан Ауғанстан шекарасына жақын аймақтарда әуе соққыларын жасап, екі ел арасындағы шиеленістің қайта күшеюіне себеп болды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарардың айтуынша, «нақты жоспарланған соққылар» нәтижесінде 26 қарулы содыр жойылған. Операциялар төрт нысанаға бағытталған.
Алайда Ауғанстандағы «Талибан» үкіметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, Пәкістанның әуе соққылары салдарынан үш провинцияда 13 бейбіт тұрғын, негізінен балалар қаза тапқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ондаған әйел мен баланың жараланғаны хабарланды.
Пәкістан тарапы бұл әрекетті ел аумағында соңғы уақытта болған лаңкестік шабуылдарға жауап ретінде түсіндірді. Шенеуніктердің айтуынша, соққылар шекара маңындағы «террористік жасырын орындар мен оқу базаларына» бағытталған.
Кабул билігі болса, Пәкістанның айыптауларын жоққа шығарып, Ауғанстан өз аумағын басқа елдерге қарсы қолдануға жол бермейтінін мәлімдеді.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас соңғы айларда шиеленісіп отыр. Бұған дейін де шекара маңында қарулы қақтығыстар тіркелген, ал сарапшылар қазіргі жағдай аймақтағы тұрақсыздықты одан әрі күшейтуі мүмкін екенін айтады.