Бүгiн 2026, 07:14 Фото: depositphotos.com

Пәкістан Ауғанстан шекарасындағы нысандарға соққы жасады

Пәкістан тарапы операция барысында бірнеше жол тосқауылдары мен көліктердің жойылғанын мәлімдеді.

Пәкістан Қарулы Күштері Ауғанстанмен шекарадағы Чаман секторында бірқатар ауған әскери бекеттері мен техникасын жойды. Бұл туралы Dawn басылымы әскери дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақпаратқа сәйкес, соққылар ауған тарапы мен шекара аймағында әрекет ететін қарулы топтардың «себепсіз агрессиясына» жауап ретінде жасалған. Пәкістан тарапы операция барысында бірнеше жол тосқауылдары мен көліктердің жойылғанын мәлімдеді.

Әскери дереккөздер операция «Газаб лил-Хак» (урду тілінен аударғанда «әділ ашу») атауымен жүргізіліп жатқанын және ол барлық мақсаттарға қол жеткізілгенге дейін жалғасатынын айтқан.

Бұған дейін Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыстар қайта өршіп, екі тарап та бір-бірін шабуылдар жасады деп айыптаған. Кабул Исламабадтың әуе соққыларына жауап ретінде әскери әрекеттер жүргізілгенін хабарлаған.

Пәкістан Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф қазіргі таңда екі ел арасындағы жағдай ашық қарулы қақтығыс деңгейіне жеткенін мәлімдеген.