Өзінде барды ұқсата алмаған Павлодар облысы құс етін сырттан тасуға мәжбүр

Ертіс өңірінің халқын құс етімен қамту мәселесі өткір тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі. 

Облыста құс етін өндіретін Қызылжар құс фабрикасы бір жыл бойы тұралап тұр. Негізі, модернизациялауға жабылған, бірақ, әлі күнге дейін іске қосылмаған. Мамандардың мәліметінше, аймақ халқының бұл әлеуметтік өнімге деген сұранысының небары 23%-ы ғана өтеледі. Қалған азық көршілес елдер мен облыстардан тасымалданады. Ал жылдық сұраныс 12 мың тоннадан асады. 

Мәселенің түйінін тарқату үшін жауапты шенеуніктер болашақ инвесторлармен келісссөздер жүргізіп жатыр. Әзірге, нақты шешім қабылданбаған. 

Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың айтуынша, Қызылжар құс фабрикасын жаңғырту мәселесі күн тәртібінен түспеген.

Бұл – өте өзекті мәселе. Жуырда үйлестірушілермен кездестік. Себебі, құс еті – әлеуметтік азық-түлік санатындағы 19 өнімнің қатарында. Әзірге бірнеше ірі инвестормен кездесіп үлгердік. Олардың бұл саладағы тәжірибесі мол. Қазіргі уақытта фабрика үлестірушілері мен инвесторлар келіссөздер жүргізіп жатыр. Бір айда үш инвестормен кездестік. Жобалар қолға алынса, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Ішкі нарықты құс етімен қамту мәселесін биылдан қалдырмау керек, - дейді Серік Батырғожинов.

Айта кетейік, бил облыста ауыл шаруашылығы бағытындағы 48 жобаға қаржылық қолдау көрсетілмек. Олардың ішінде құс еті мен жұмыртқа өндірісі салаларына қолдак көрсетілмек. Шенеуніктердің айтуынша, халықты бұл екі өнім түрімен қамту мәселесі күн тәртібінен түспеген. 

Инвесторлар құс фабрикасында болды. Сараптама жасайды. Олардың айтуынша, кәсіпорынның материалдық базасы өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік бар. Инвесторларға бірнеше талап қойылады.  Біріншісі – екі құс фабрикасын сатып алу. Екіншіден, шетелдік инвесторлар Қазақстан заңнамасына сәйкес құжаттары болуы қажет. Екі-үш күн бұрын Өзбекстан кәсіпкерімен кездестік. Оның мүмкіндіктері мен сұраныстары біздің көңілімізден шығып отыр, - дейді Серік Батырғожинов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаевтің айтуынша, Қызылжар фабрикасы келесі жылы іске қослуы мүмкін. Сонда облыс халқының сұранысын толық өтеуге болады.

Қызылжар және Шарбақты құс фабрикаларының үлестірушілері бір. Өндіріс ошақтарының басшылығы бұл бизнестен кететіндерін айтты. Оған қоса, құс басы азайып, жұмыртқа өндірісі 20%-ға төмендеді. жұмыртқа бойынша әсірге мәселе жоқ. Бірақ, ет бойынша өткір тұр, - дейді Төлеген Көшербаев.

Еске сала кетсек, Қызылжар фабрикасы 2014 жылы ашылып, бір жылдан кейін модернизациялауға жабылды. Бірақ, инфляциялық қиындықтарға орай өндіріс сол беті жанданбады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы