Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС жарнасын терминалдар арқылы төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар медициналық сақтандыру жарнасын терминалдар арқылы төлей алады. 

Осы және денсаулық сақтау жүйесінің операциялық және инфрақұрылымдық дайындығы туралы Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтып берді.

2020 жылы Қор алдында бірқатар міндет тұр, атап айтқанда: қорды медициналық қызметтерді бірыңғай стратегиялық сатып алушы ретінде қалыптастыру; көрсетілетін медициналық көмек сапасының мониторингін және пациенттердің құқығын қорғау; сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және ТМККК және МӘМС пакеттері шеңберінде қызметтерді бөлек есепке алу, - деді Қор басшысы.

ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық көмектің түрлері бойынша бірқатар жаңа бастаманы ескере отырып, 2020 жылға арналған медициналық қызметтерді сатып алу жоспары жасалды. 

МӘМС жүйесі аясында мектеп медицинасы қаржыландырылады, консультациялық-диагностикалық көмекті қаржыландыру көлемі 6 есеге артып, 168,5 млрд теңге бөлінеді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 197 млрд теңге жетеді. 2020 жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген халық саны 2 миллионнан 3,5 млн дейін артады да, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтылғандар саны 2 есе өседі, - деп мәлімдеді Айбатыр Жұмағұлов.

Оның айтуынша, үдерісті оңтайландыру, ашықтық үшін және сыбайлас жемқорлықтан келетін қауіп-қатер мен әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында медициналық қызметтерді сатып алуды ҚР Қаржы министрлігі электрондық қаржы орталығының веб-порталы арқылы ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, цифрлық форматта өткізілетін болады.

Қор басшысы өз сөзінде МӘМС енгізілген алғашқы айларда сақтандырушылар мәртебесін анықтау, жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін тұрақсыз төлем жасауы, өңірлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды өзектендіру сынды мәселелер болуы мүмкін деді.

Медициналық сақтандыру қоры осы тәуекелдерді тиімді шешу жоспары мен тетіктерін пысықтады. Мысалы, сақтандыру мәртебесі анықталмаса, жеңілдік жасалған санатқа кіретін әрбір адамға, медицина қызметкерлеріне арналған іс-қимыл регламенті әзірленді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арнайы терминалдар арқылы сақтандыру жарнасын төлей алады.

Халыққа, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер МӘМС жүйесіне тез қосылу үшін медициналық сақтандыру қорына төлем жасайтын және бірден сақтандырылған мәртебесін алу үшін медициналық ұйымдарда терминалдар орналастырылған. ТМККК және МӘМС пакеттеріне, төлем жасау тәсілдері мен берешекке қатысты сауалдарыңыз болса, 1406 нөмерін теріп, бірыңғай Call-орталығына хабарласуға болады, - деп жауап берді спикер.

Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлердегі филиалдарында азаматтарды қабылдау кабинеттері бар. Медициналық қызмет сапасына мониторинг және сараптама жүргізу үшін Қордың сарапшылары жұмыс істейді.

Айта кетейік, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды толық іске қосуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол МӘМС жарнасын барлық адамның төлеуге міндетті екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы