Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін салық жеңілдіктері қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл режим аз мөлшерде табыс табатын азаматтарды, сондай-ақ қызметкерлерді тартпай, іс-шараларды эпизодтық негізде жүзеге асыратындарды, оның ішінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтіндерді қолдауға бағытталған. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында жаңалықтың егжей-тегжейін түсіндіріп, қандай тұлғалар осы режимді пайдалана алатынын нақтылады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті атап өткендей, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнайы салық режимі Салық кодексінің 77-тарауында бекітілген. Оны Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастары егер олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, жалдамалы қызметкерлерді тартпайтын болса және 2025 жылғы 21 қарашадағы №994 Үкімет қаулысымен рұқсат етілген қызмет түрлерін жүзеге асырған жағдайда қолдана алады.
Режимді қолданудың негізгі шарттарының бірі – табыс мөлшері. Ол бір күнтізбелік ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 300 есе шамасынан аспауы тиіс. 2026 жылы бұл шек шамамен 1,3 млн теңге болады, - деп хабарлады ведомстводан.
Мемлекеттік кірістер комитеті арнайы режим бірнеше артықшылықты қарастыратынын атап өтті.
Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркелу қажет емес. Оларды қосылған құн салығынан босату қарастырылған. Сондай-ақ табыс салығынан толық босатылу қамтамасыз етілген. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар салық есептілігін ұсыну міндетінен де босатылады.
Бірден-бір міндет – табыстан 4 пайыз мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді аудару. Оған міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (әрқайсысы 1 пайыздан) кіреді, - деп жауап берді Қаржы министрлігінен.
Аталған төлемдер негізгі әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етеді: зейнетақы, медициналық көмек және әлеуметтік сақтандыру. Міндеттерді орындауды жеңілдету үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалану қарастырылған. Сол арқылы көрсетілген қызметтерге чектер құрылып, ай сайынғы табыс автоматты түрде қарастырылып, міндетті әлеуметтік төлемдер есептеледі.
Егер қызметтік әрекеттер жалпы қолжетімді телекоммуникациялық желілер жоқ жерде жүзеге асырылса, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ай сайынғы алынған табыс бойынша міндетті төлемдерді өз бетінше төлейді.
Жаңа Салық кодексінде сондай-ақ өтпелі ережелер қарастырылған. Атап айтқанда, тек интернет-платформалар арқылы қызмет атқаратын салық төлеушілер автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарылады да, өзін-өзі жұмыспен қамтушыға арналған арнайы салық режиміне ауыстырылады.
Патент негізінде немесе мобильді қосымшаны пайдалана отырып арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер шарттарға сәйкес жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарылғаннан кейін жаңа режимге ауыса алады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушыға арналған арнайы салық режимін таңдау мобильді қосымшада өзін-өзі жұмыспен қамтушы режимінде чектер жасалған айдан бастап немесе байланыс жоқ жағдайда қызмет атқарғанда міндетті төлемдерді төлеу туралы құжаттарда көрсетілген кезеңнен бастап жүзеге асырылған деп есептеледі.
Еске салайық, бұған дейін мобильді аударымдар кезінде 100 адамнан түскен 1 млн теңге қалай тексерілетінін хабарладық.