Өзін-өзі басқару: Ауылдарда 4 жыл мерзімге кеңес құру ұсынылды

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырды.

2022 жылғы 30 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген. Вице-министр заңның негізгі жаңалықтары туралы сөз қозғады.

Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органдары, олардың міндеттері мен өкілеттіктері, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бөлігінде мемлекеттік басқару органдарының құзыреті айқындалған. Ауылдық округтер деңгейінде азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы 4 жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқару органы – кеңес құру ұсынылады. Кеңестің өз аппараты болуы міндетті емес. Оның қызметін әкім аппараты қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді Ұлттық экономика вице-министрі.

Кеңес төрағасы кеңес мүшелері арасынан ашық дауыс беру арқылы сайлануы және осы лауазымда тұрақты, яғни ауыл бюджеті есебінен төлену ұсынылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару институтының тиімділігін арттыру үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен ауыл әкімдерінің дербестігін кеңейту талап етіледі, - деп айтты вице-министр Мәжілісте.

Кеңестің қандай функциялары болады:

- Бюджетті бекіту жөніндегі өкілеттіктер.

Бюджетті бекіту құқығы кеңестің атынан тікелей тұрғындарға беріледі. Аудан ауылдарға барлық болжамды параметрлерді, лимиттер мен трансферттер көлемін жеткізеді.

- Кеңес өзге де құжаттарды, оның ішінде жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларын, абаттандандыру ережелерін, әкім аппараты азаматтарға көрсете алатын ақылы қызметтер тізбесін, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар өткізу орындарын бекітеді.

- Кеңес жергілікті маңызы бар жалпы мәселелер бойынша басқа елді-мекендермен ынтымақтастық туралы келісімдер жасау мүмкіндігіне ие болады.

- Кеңес мәслихат алдында әкімді қызметінен босату туралы бастама жасау құқығына ие болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы