Өзімді кінәлап, онкологияға шалдықтым – АИТВ-ны қызына жұқтырған кейіпкер
Күйеуінен оған жұққан адамның иммунтапшылық вирусы (АИТВ) омырау сүті арқылы қызына да берілген кейіпкер BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берді.
Айдана (ред. – аты өзгертілген) тұрмысқа шығып, қызды болады. Қызын емізіп жүрген кезінде қайтадан бала көтеріп қалады. Бірақ шарана шетінеп, дәрігерлер Айдананы отаға жібереді. Отаның алдында жасалған қан талдауы оның АИТВ жұқтырғанын көрсетеді. Артынша вирусты Айданаға оның көзіне шөп салған күйеуі жұқтырғаны анықталады. АИТВ ана сүті арқылы сәбиге де жұғады.
Айдана сұхбатта АИТВ-ны қызына білмей жұқтырғанымен, өзін қатты кінәлағанын айтты.
Мен қызыма жұқтырып қойдым деп, күйзеліске түсіп, онкологиямен ауырдым. Негізі онкологияның көбі психологиядан ғой. Қызымның диагнозын қабылдай алмағаннан өзімді жеп тастадым. Не үшін уақытында жолдасымнан кетпедім, не үшін сол кісімен тұрдым, неге тексерілмедім, сендім деп. Баламды еміреніп тұрып емізген кезде өзім жұқтырып отырмын ғой. Өз-өзімді жеп тастадым. Ішімдегіні шығара алмай жүрдім. Құдай онкологияны бергеннен кейін кішкене басылдым. Мен қызымның диагнозын қабылдау үшін маған сол ауру керек еді, - деді Айдана.
Ол онкологиялық ауруға шалдыққаннан кейін ғана тәубесіне келіп, өзін кінәлауды доғарғанын айтады.
Өйткені адам өмір сүргісі келеді. Денсаулық болмаса, ештеңе керек емес, - деді кейіпкер.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден тамашалай аласыз.