Өзімді біріншімін деп есептемеймін – Ұранхаев әкімдер рейтингі туралы
Жуырда БАҚ-та жарияланған облыс әкімдерінің рейтингінде – Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бірінші орында. Осыған байланысты БАҚ өкілі кейде мұндай рейтингтер әкімшіліктің тапсырысы бойынша жасалатынын атап, "Осы рейтингте 1-орын алып тұруыңыз, жасандылық емес пе? Өзіңізді үздік әкім деп есептейсіз бе?" деп сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен үшін осы рейтингтің болғанынан болмағаны жақсы. Себебі осындай сұрақтар туындамайды. Мен ешқашан басқа әріптестерімді менен кем деп ойламаймын. Біз осы рейтинг үшін емес, халықтың бағасы үшін жұмыс істейміз. Кім не десе де, халықтың бағасы ең маңызды, - деді әкім.
Ол "Мансаптың тағы үшін мақтанға салынудан аулақпын" деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзін келтіріп, өзін бірінші деп санамайтынын айтты.
Мен осы лауазымда жүрмін. Сондықтан менімен қатар, тең жүрген әріптестерімнен өзімді жақсымын деп айтуға бармаймын. Баспасөз хатшым бар. Оған “Осы рейтинг қайдан шығып жатыр, кім оны жасап жатыр?” деп бірнеше рет айтқамын. Егер басқа рейтинг шығатын болса, мен оған қарамаймын. Сондықтан мен өзімді біріншімін деп есептемеймін, - деді Ұранхаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Исламабадта Қазақстан – Пәкістан саяси консультациялары өтті
Өзгелердің жаңалығы