Елордалық оқушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркі дүниесінің екінші меккесі саналатын Ясауи кесенесіне Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейінің дарынды оқушылары арнайы экскурсиямен келді.

Аталған шара Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отыр. Шараның мақсаты - өскелең ұрпаққа ел тарихын кеңінен насихаттау.

Шара аясында елордалық мектеп оқушыларына Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және онда жерленген хан-сұлтан, билер мен барша игі жақсылар, көне Түркістан қаласының тарихы туралы ақпарат беріліп, құран бағышталды.


«Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тарихи орындармен таныстыру мақсатында бізге астанадан «Нұр Отан» партиясының өкілдері арнайы хатпен шыққан болатын. Осыған орай, музейімізге келген оқушыларды күтіп алдық. Экскурсия барысында нұрсұлтандық оқушыларды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейімен кеңінен таныстырып шықтық. Музейде алғаш 700-дей жәдігер қоры болса, бүгінде олардың саны – 24 421 данаға жетті. Халықаралық дəрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сəулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкілəлемдік мұралар тізіміне алынған. Астаналық қонақтарға осында 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленгенін, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері бойынша қазіргі таңда 214-і анықталғаны туралы айтып бердік», - деді Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсия маманы Данияр Сайтбақысов.


Елордалық оқушылар Музей қорындағы аса құнды дүниелер ХІV ғасырда жасалған тайқазанды, тудың ұшарындағы лауһа, көне шырағдан мен Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының тұпнұсқасын тамашалады.

Қорық-музейдің тарихи тамырын тереңдетіп тұрған Үкаша ата мен Сауран қалашығы да туристер табан тірейтін көрікті нысан. Оқушылар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы және Үкаша ата кесенесімен де танысты.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы