Өзгеріс – өз таңдауымызға байланысты
Еліміздің жаңа Конституция жобасы дауыс беруге шығарылатын республикалық референдумның өтуіне санаулы күндер қалды.
Еліміздің жаңа Конституция жобасы дауыс беруге шығарылатын республикалық референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Аталған жобада мемлекет дамуының заманауи басым бағыттарын көрсететін маңызды жаңашылдықтар бар. Бұл туралы бірқатар сала мамандары пікірлерін білдірді.
Ұлттық экономика министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Стратегиялық талдау орталығының директоры Қымбат Ахметжанованың айтуынша, Конституция жобасындағы басты жаңашылдықтың бірі – адам құқықтарына Ата заң деңгейінде мән берілуі. Жаңарған мәтінде адам құқықтары мен бостандықтары Негізгі заңның преамбуласында ғана көрініс таппаған, сонымен қатар, мемлекет пен азамат қарым-қатынасының сипатын айқындайтын барлық конституциялық жүйенің іргелі бағдары ретінде белгіленген.
Жаңа жобаның маңызды тұсы – қоғамның цифрлық трансформациясы үдерістерінің көрініс табуы. Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы ереже бар, бұл цифрлық технологиялар мен онлайн-кеңістіктер жағдайында адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің конституциялық негізін қалыптастырады, - дейді ол.
Сондай-ақ Қымбат Ахметжанова адам құқықтарына ден қою мен құқықтық кепілдіктердің дамуы құқық үстемдігі қағидатын нығайтуды мақсат тұтатын мемлекеттің кең ауқымды бағытына сәйкес келетінін айтады.
Аталған басымдық, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көрініс тапқан. Бұл құжат аясында World Justice Project ұйымы есептейтін Құқық үстемдігі индексінің көрсеткішін 0,60 балл деңгейіне дейін арттыру міндеті қойылған. Бұл Индекс билік институттарының құзыретін шектеу, сыбайлас жемқорлық деңгейі, тәртіп пен қауіпсіздік, негізгі құқықтардың қорғалуы, мемлекеттік институттардың ашықтығы, заңды сақтау, сондай-ақ азаматтық және қылмыстық сот төрелігінің тиімділігі деген секілді параметрлер бойынша құқықтық жүйенің жағдайын бағалайды, - деп түсіндірді ол.
Маманның айтуынша, былтырғы рейтингке сәйкес, еліміз 0,54 баллмен 143 мемлекеттің ішінде 66-шы орын алған. Бұл еліміздің әлемдік рейтингтің алғашқы жартысында болуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Көлік министрлігі «Қазаэронавигация» РМК «Оңтүстік Қазақстан әуе қозғалысын ұйымдастыру өңірлік орталығының» директоры Бекжан Есімов те жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, тарихи сәтте күш біріктірудің маңызына тоқталды.
Біз күнделікті жұмыста бірлесіп нәтижеге жетіп жүрген үлкен ұжымбыз. Ендігі кезекте еліміздің ертеңі үшін маңызды шешім қабылдайтын сәт келді. Жаңа Конституция – жай ғана заң емес, бұл елдің даму стратегиясын жаңарту, мемлекет пен азамат арасындағы келісімшарттың жаңа нұсқасы. Жаңа жобаның артықшылығы – билік пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталуы. Конституция – күнде өзгеретін ереже емес, ол мемлекет дамуының іргетасы, - деді ол.
Сондай-ақ маман ел тұрғындарын өз дауысын тек әлеуметтік желіде емес, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға келіп білдіруге шақырды.
Өзгеріс сырттан келмейді. Ол біздің және сіздің таңдауымыздан басталады, - деп сөзін түйіндеді ол.