Өзгеретіндері тек баяндамашылар мен сұрақ қоятындар. Қошанов Үкіметтің «тамаша» цифрын сынады
Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметтің бюджет туралы есебін сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келеміз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретіндері тек баяндамашылар, тек сұрақ қоятын адамдар. Енді бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін біліп отырмыз ғой. Ол туралы бүгін депутаттар да айтты, - деді Мәжіліс спикері.
Қошанов бүгін бюджетті 8 рет түзетудің және бір рет нақтылаудың арқасында қол жеткіздік деген әңгіме айтылғанына тоқталды.
Бюджет 1 жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Осындай «тамаша» цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан мыңдаған оқушы үшауысымда оқуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Бұл тек бір салаға ғана қатысты. Ондай мысалдарды басқа да саладан көптеп келтіруге болады. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Өмір сүру сапасына бұл көрсеткіштердің бәрі тікелей әсер етеді. Осыны естен шығармауымыз, ұмытпауымыз керек, - деді Ерлан Қошанов Мәжілісте.
Мәжіліс төрағасы атап өткендей, бүгін бағдарламалардың орындаушылары тендерлердің ұзаққа созылуы мен басқа да сылтауларды айтып, ақталып жатыр. Оның айтуынша, бұл жағдай бізде жылдан жылға қайталанып отыр. Яғни мұның бәрі жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді.
Ондай жағдайларды болдырмау үшін алдын алу шараларын осы уақыттан бастап қолға алуымыз керек. Бұл шаралар бірінші кезекте жаңадан келетін Бюджет кодексіне және мемлекеттік сатып алу туралы заң жобаларын қарастырған кезде ескерілуі керек. Көптеген игерілмей жатқан мәселе мемлекеттік сатып алу заңындағы олқылықтарға байланысты, - деп айтты Ерлан Қошанов.